Су тасыған аймақтарда 38 мыңнан астам адам үйіне оралды
Су тасқыны болған аймақтардағы 38 мыңнан астам тұрғын үйіне оралды.
Эвакуациялық орталықтарда 7 мыңға жуық адам тұрып жатыр. Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Батыс және Солтүстік Қазақстан облыстарында тасқын судың салдарымен күрес жұмыстары жалғасып жатыр. Жайық өзенінің су деңгейіне тұрақты мониторинг жүргізіліп отыр. Өткен тәулікте Индер, Махамбет, Исатай, Құрманғазы аудандарында мың жарым тоннадан астам инертті материал төселді. Авариялық-құтқару және су тасқынымен күрес жұмыстарына 20 мың адам тартылды. 3 мыңға жуық техника, 600-ге тарта суды сору және жүзу құралдары мен 8 әуе кемесі жұмылдырылды. Ал Солтүстік Қазақстанда жағдай әлі де күрделі. Сергеев су қоймасындағы су деңгейі шекті мөлшерден 2 метр 9 см-ге асқан. Кейін бір тәулік ішінде 33 см-ге дейін төмендеді.
Асқар Шәріп, ҚР ТЖМ өкілі:
- Су тасқыны басталғалы бері 12,8 млн астам текше метр еріген қар суы сорып шығарылды, 6,6 млн астам қапшық және 1,5 млн астам тонна инертті материал төселді.
Нұрділдә Ораз, БҚО әкімі аппаратының басшысы:
- Жайықтың 850 қауіпті деңгей болатын болса, осы сағатта 844, яғни 6 см төмен түсіп отыр. Жайықтың суын қауіпсіз өз өңірімізден өткіздік деп айта аламыз. Қазір Ақжайық ауданында жағдай тұрақталып келе жатыр. Орал қаласындағы деңгейі 2-4 см түсіп жатса, Ақжайықта көтерілудің өзі тұрақталып келеді.