Жолда қызмет көрсету нысандары көбейді
Ақмола облысында жол бойында қызмет көрсететін 4 нысан салынады.
Жанармай құю бекеті мен дәмханалар халық көп қатынайтын аймақтарда ашылады. Бұл өңірге саяхаттап келетін туристердің жақсы демалуына ықпал етуге тиіс.
Аймақта жазғы демалыс маусымына дайындық қызу. Туристердің алғашқы легі келіп жатыр. Әсіресе Бурабайға беттеген демалушылардың қарасы қалың. Соңғы жылдары дәл осы өлкеде жол бойындағы жаңа нысандар көп салынды. Оны туристерде бірден байқаған.
- Демалуға келеміз Бурабай жаққа. Өзі Павлодар Екібастұздан келеміз. Мына стоянкаға жиі келем. Өте жақсы. Тамақ ішетін жері өте жақсы.
- Бірінші рет келе жатырмын осы жаққа. Жолын жақсы біле қоймаймын. Бірақ жол бойындағы кафелер бәрі жақсы.
- Осы жаққа Қызылорда қаласынан санаторийге демалуға келдік. Ауа райы жақсы. Жол бойында да барлық жағдай жасалған. Тұрақтап тамақ ішетін орындар мен суретке түсіп алатын әсем жерлер көп екен.
Өңірде жол бойында қызмет көрсететін 200-ге тарта нысан бар. Соның 79 пайызы ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келеді. Соңғы үш жылда 13 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Қайрат Хамзин, жолға қызмет көрсетуші кәсіпорынның бас инженері:
- Жол бойындағы сервистерде жылы дәретханалар мен дәмханалар бар. Жанар-жағармай құятын бекеттер бар. Машина сынып, жолда қалса көмек жасайтын шаралар бар. Жол бойында орналасқан жол пайдалану учаскелерінің қызметіне осы сервистік нысандарды күтіп ұстау кіреді.
Сала мамандарының мәлімдеуінше, жол бойындағы жер телімдері бизнес ашу үшін қолжетімді. Бірақ нысанды күтіп ұстаумен бірге қоршаған ортаны ластамау да маңызды. Сол себепті жол бойына қосымша қоқыс жәшіктері орнатылып жатыр. Өйткені көрікті өлкені тамашалауға жылына миллиондаған турист келеді.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко