Су тасыған аймақтарда 39352 адам үйіне оралды
Республика бойынша 7 мыңнан астам жеке тұрғын үй мен 3 мыңға жуық аула аумағынан су сорылды.
39 352 адам өз үйлеріне оралды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Асқар Шәріп баяндады. Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарынан әскерилер тұрақты орналасу пункттеріне қайтарылып жатыр. Ал Атырау облысында Жайық өзенінің жағалауын нығайту жұмысы тоқтаған жоқ. Бүгінде аймақта 10 өңірден келген құтқарушылар 41 елді мекеннің бойын биіктетті. Құлсары қаласында 2 564 тұрғын үйден су бұрылды.
Асқар Шәріп, ҚР ТЖМ ресми өкілі:
Су тасқыны бастағалы бері 13,1 млн текше метрден астам еріген қар суы сорып шығарылды, 7,6 млн-нан астам қапшық және 1,5 млн тоннадан астам инертті материал төселді. Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 17 мыңнан астам адам, 2 мыңға жуық техника, 291 су сору құралы және 203 жүзу құралы, 7 әуе кемесі жұмылдырылды.