БҚО-да баспана құрылысына дайындық жүріп жатыр
Батыс Қазақстан облысының Теректі, Бөрлі, Сырым, Қаратөбе, Бәйтерек аудандарында 1288 үйді су басса, соның 413-і жарамсыз деп танылды.
Қазір баспана құрылысына қызу дайындық жүріп жатыр
Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:
- Облысымызда тасқын судан ең көп зардап шеккен елді мекеннің бірі Теректі ауданына қарасты Подстепное ауылы. Мұнда 544 үйді су алса, арнайы комиссияның шешімімен соның 56-ы жарамсыз деп танылды. Қазір мердігер компаниялар анықталып, құрылысқа дайындық жұмыстары басталып кетті. Көріп тұрғандарыңыздай құлаған ескі үйлердің орны тазаланып жатыр.
Айымгүл Меңдібаева 6 баланың анасы. Кенжесі жуырда дүниеге келіпті. Үйі суға кетіп, өздері қауіпсіз жерге бас сауғалап барған кезді есіне алғысы келмейді. Қазір құрылыс басталғанын көріп, көңілі орнына түсті.
Айымгүл Меңдібаева, Подстепное ауылының тұрғыны:
- Үйіміз суға кетіп қалды. Қазір енді бұзып жатыр. Жаңа үй тұрғызып береміз деп уәде беріп жатыр. Енді сол үйдің біткенін, алла қосса, қалай бітіріп салып, сол үйге кіруді нәсіп етсін! Сол үйді күтіп отырық.
Теректі ауданында 649 тұрғын үй суға кетсе, соның 570-іне техникалық тексеріс жүргізіліпті. 81 үй жарамсыз деп танылған. Аудан бойынша 6 мердігер компания анықталыпты. Жаңа үйлердің құрылысын кешіктірмей бастап, жаңа оқу жылына дейін аяқтау жоспарланған.
Айымгүл Меңдібаева, Подстепное ауылының тұрғыны:
- Қазіргі таңда біздерде 10 үй Подстепное ауылы бойынша. 10 үйдің бәрін де бұзып болдық. Тасып жатырмыз. Екеуін өлшеп қойдық. Қазір түс қайта фундаментін қазамыз.
Тұрғын үйлердің ауданы 80 шаршы метр. Құрылыс құны 22 миллион теңге. Оған инженерлік инфрақұрылымға кеткен қаржы қосылады. Бұрынғы жер телімдеріне салса, арзанға шығады. Бірақ келесі жылы сол үйді қайта су баспауы тиіс. Президент тапсырмаларының бірі осы. Жергілікті әкімдік бұл мәселені ескердік деп отыр.
Ерлан Амандықов, Теректі ауданы әкімінің орынбасары:
- Подстепное бас жоспарында дайын жерлердің болмауына байланысты өз орындарына биіктетіп іргетасын 80 см төмен етпей, жобалаушылардың өлшеп берген орындарына биіктетіп салатын боламыз. Және манағы биылдың өзінде шаруашылық тәсілмен Қазыбек би көшесінің артына 4 км «вал» шаруашылық тәсілмен салынды. Сонымен қатар Төле би көшесіне су бұру каналы жоспарда бар. Бюджеттік өтінім жолданды.
Батыс Қазақстан облысында суға кеткен үйлердің 413-і жарамсыз деп танылды. Бірақ бұл соңғы дерек емес. Өйткені әлі 161 үйге техникалық тексеріс қорытындысы шықпаған. Әрі Орал қаласының айналасында 15 мыңдай саяжай су астында тұр.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Е. Меңдіғалиев, Б. Жарылғасов