Моноқалаларды дамыту тетіктері
Ал Қазақстандағы моноқалалардың тыныс-тіршілігі көбіне ауыр өнеркәсіпке байланған.
Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру бойынша берген тапсырмасы қалай іске асып жатыр? Шағын қалаларды дамытуда қай елдің тәжірибесіне сүйенген жөн?
Текеліні туристерге тартымды ету – жергілікті әкімдік алға қойған мақсаттардың бірі. Бүгінде Жетісудің шырайлы шағын шаһарында 20-ға жуық демалыс орны бар. Келешекте шаңғы, биатлон кешені салынса, шетелдік меймандар қатарының көбейетініне сенім мол.
Алмас Әділ, Текелі қаласының әкімі:
- Оңтүстік- Шығыс аумағында орналасқан Горняцки мөлтек ауданын туризм бағытында дамытпақпыз. Өнеркәсіпті де дамыту жоспары бар. Өйткені қалада 42 өндіріс орны бар. Мұнымен шектелмейміз. Туризм мен өндірістен бөлек, шағын және орта кәсіптің өрбуіне ден қойып отырмыз.
Былтыр осы Текелі, Арқалық, Жаңатас, Жезқазған, Қаратау, Саран мен Серебрянск моноқалалар тізімінен шыққан еді. Жезқазған Ұлытау облысының орталығына айналса, Текелі мен Саран өндірістік әлеуеті артып, экономикасы әртараптанған әкімшілік аумақтар қатарына қосылды.
Жалпы, елімізде 20 моноқала бар. Шағын шаһарларды өндірістік сала бойынша жіктесек, келесіні көреміз. Дені көмір, мұнай және газ, металл және басқа да шикізат өндірісі шоғырланған елді-мекен.
Моноқалалардың өндірістік салаға жіктелуі
Көмір өндірісі – Абай, Шахтинск
Мұнай және газ - Ақсай, Құлсары, Жаңаөзен
Металл өндірісі – Балқаш, Алтай, Қаражал, Кентау, Лисаковск, Риддер, Рудный, Хромтау
Металлургия және машина жасау – Степногорск, Ақсу
Басқа шикізат өндірісі – Жетіқара
Кен орны сарқылып, өндірістің тоқтауы, жастардың ірі шаһарларға кетуі, инфрақұрылымның тозуы – мұның бәрі моноқалаға тән мәселелер. Оған қоса, азық-түліктің көбі сырттан келетіндіктен, халықтың қалтасына қосымша салмақ түседі. Экономиканы әртараптандыру арқылы біраз мәселенің түйінін шешуге болады, дейді сарапшы Ерлан Кәрімов. Айтуынша, әсіресе азық-түлік қауіпсіздігін қамту маңызды.
Ерлан Кәрімов, экономикалық зерттеулер институты өңірлерді зерттеу орталығының директоры:
- Енді Степногорск қаласын мысалға келтіруге болады. Бұрын ол жабық әскери қала болған еді, ол жерде инфрақұрылым жақсы дамыған. Сәйкесінше, қазіргі таңда әкімшілік осы инфрақұрылымды қолдана отырып, Нидерланды елінің жылыжайлардың құрылысын жасаған еді. Қазіргі кезде қызанақ, қияр сияқты жеміс-жидектерді осы Степногорск қаласында өндіріп жатыр.
Жастарды моноқалаларға тартуда Финляндия тәжірибесін қолдануға болар еді, дейді сарапшы. Яғни, коворкингтер ашылып, айти мамандардың жұмыс істеуіне жағдай жасалса, талай стартаптың жемісін көруге болады.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Марат Диханбаев