«Біз біргеміз!» телемарафоны

Қазақстан халқы тұңғыш рет бір мезетте бірнеше арнаның бір мақсатта тоғысуына куә болды.

5 сағатқа созылған «Біз біргеміз!» телемарафонында ресми орган өкілдері өңірлердегі апат салдарын жою және қалпына келтіру жұмыстары жөнінде ақпарат берді. Азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, инфрақұрылымды қалпына келтіру, материалдық шығындарды өтеу жөніндегі мемлекет қабылдап жатқан шаралар туралы тағы бір мәрте айтты. Иә, келтірілген шығын қомақты. Алайда, қиын-қыстау кезеңде ұйыса білген қазақстандықтардың ынтымағы қиналған жұртқа демеу болды. 

Еліміздің бірнеше өңіріндегі табиғи апат – көпшілікті тығырыққа тіреді. Билікке де сын болғаны сөзсіз. Тосыннан келген тасқынның салдары ауыр. Дегенмен қарапайым халық бас амандығына шүкір етіп отыр.

Атырау

Қазір қауіптің беті сейілді. Тек Атыраудағы жағдай алаңдатады. Мамандар екінші толқынның жақындап қалғанын айтып отыр. Бір тәулікте су деңгейі 4 см-ге көтеріліп, 446 см-ге жетті. Ал қауіпті деңгей - 550 см. Бүгінде аймақтағы Жайық жағасы биік бөгетпен нығайтылды.

Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

- 80 жыл болмаған елімізге үлкен су келді. топан су келді. Ол 1 мезетте 10 өңірді қамтыды. Соған қарамастан, біздің құтқарушылар мүмкіндігі шектеулі адамдарды, балаларды құтқарды. Абыроймен атқарды.

Бүгінге дейін су басқан өңірлерде 40 мың тұрғын үйлеріне оралды. Тасқын басталғалы 119 мыңдай адам құтқарылды. Оның 45 мыңға жуығы – бала. 6500 адам әлі  де эвакуациялық орындарда тұрып жатыр.

Үйі жоқтың күйі де кететіні белгілі. Телемарафонда ауыр сәтте абдырап қалғандарды өз шаңырағында паналатқан қайырымды жандардың өнеге ісі сөз болды. Мәселен, Бейнеулік жанұя Құлсарыдан келген 8 отбасын құшақ жая қарсы алған.

Жомарт жандар елде жетерлік. «Біз біргеміз!» жалпыұлттық телемарафонында небәрі 11 жастағы Гауһар Шәймерденнің кеңпейілділігі талайды тәнті етті. Кентаулық өрен бір жыл бойы жинаған ақшасын Құлсарыдағы ағайынға жолдаған.Осындай жылуды межелі жерлерге шашауын шығармай жеткізуге жәрдемдескен еріктілердің еңбегі де бұл марафонда ескерусіз қалмады. Ел аумағындағы 600-ден аса волонтерлік ұйым бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұрттан көмегін аямады. Алғы шепте жүрген құтқарушылар, әскерилер, полицияның да ерлігі бір төбе. Оны президенттің өзі атап өтті. Бүгінгі күннің батырының бірі Бейбарыс Ыбыраев. Ол тікұшақпен су үстінде түрлі қимыл жасап, 300-ден астам адамды құтқарды.

Келтірілген шығынды арнайы комиссия есептеп жатыр. Су тасқынының салдарын жоюға бюджеттен қыруар қаржы бөлінді. Ірі кәсіпкерлер де шет қалған жоқ. Қазақстан халқына қорына 1 айда 5 млрд теңге түскен. Оның жарты миллиарды сіз бен біздің, яғни қарапайым халықтың бергені. Тасқын кезінде мал жайынан айырылғандардың да шығыны өтеле бастады.

Жалпыұлттық телемарафонға 10 арна қосылды. Бірі келтірілген шығынды есептесе, енді бірі мемлекеттік қолдау жайын баяндады. Өңірлердегі эпидахуал да ұмыт қалмады. Түрлі саладағы білікті сарапшылар, депутаттар мен билік өкілдері ел басына түскен ауыр сынақты тек біріккенде жеңетінімізді айтты. Айтпақшы, осы сияқты табиғи апатты бізден бөлек, әлемнің бірнеше елі бастан кешті. Бұған жаһандық жылыну себеп.

Қалай дегенмен де, апаттың алдын алу маңызды. Биылғы су тасқыны бәріне сабақ болғаны сөзсіз. Ендігі мақсат – табиғи апат тәуекелдерін жедел анықтауға мүмкіндік беретін ақпараттық технологияларды жетілдіру, мамандар дайындауға көңіл бөлу. Су қоймаларын көбейту.

Авторы: Мерей Мұратханқызы