Абай облысында дөңгелек үстел отырысы өтті

Абай облысында Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында «Бір шаңырақ астында» атты дөңгелек үстел өтті.

Шара барысында Ассамблея өкілдері, мәслихат депутаттары мен қоғамдық ұйым өкілдері және ерікті жастар қиын кезеңде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, күшіміз бірлікте екенін көрсетудің маңыздылығын атап өтті. Ал су тасқыны кезінде көзге түскен белсенділерге алғыс хаттар табысталды.

Темірлан Бақтияров су тасқыны кезінде тілсіз жауға тойтарыс бергендердің алдыңғы шебінде жүрді.  Ерікті жастарды ортақ іске жұдырықтай жұмылдырып, зардап шеккендерге көмек көрсетуде нақты шешім қабылдай білді.

Темірлан Бақтияров, «Жастар рухы» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы:

- Өңірдегі барлық белсенді азаматтар, оның ішінде қала, облыс халқы бар барлығы бірлесе отыра қажет заттарды жасақтадық. Оның 68 тонна цемент үйлерді қалпына келтірген кезде қажет болар деген мақсатта Қостанай өңіріне жіберілсе, Арқалық пен Петропавл қаласына 74 тонна біз азық түлік пен басқа қажетті заттарды жіберген болатынбыз.

Оралғазы Шәріпбаев, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы ҚБ облыстық филиалының төрағасы:

- Міне, қиындықтар өтті, су тасқыны кетті, халыққа жетті. Ендігі Президенттің тапсырмасы қалған 6 айдың ішінде халықты өз орнына отырғызып, үйлерін салып беріп, жақсылық тойларын тойлап бірге жетеміз деген пікірін біз жеткізіп отырған жайымыз бар.

«Бір шаңырақ астында» шарасына 60-тан аса адам жиналды. Олрадың қатарында «Аналар Кеңесінің» мүшелері, ұстаздар, дәрігерлер, студенттер мен саяси партиялар өкілдері бар. Өңір басшысы осы қиын уақытта ел бірлігін сақтаудың айрықша маңыздылығын атап өтті.

Нұрлан Ұранхаев, Абай облысының әкімі:

- Біз – барды бағалап, жоқты жасай білген халықпыз. Қуансақ – бірге қуанып, мұңайсақ – иыққа түскен жүкті бірге көтерумен келеміз! Ел басына күн туып, ер етікпен су кешкен небір заманда да шаңырағымыз ортасына түскен жоқ!.. Себебі – күшіміз бірлікте!

Тасқын кезінде көрсеткен белсенді азаматтық ұстанымы мен тасқынның бетін қайтаруға үлес қосқандар алғыс хаттармен марапатталды.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Әсем Өтешева, Медет Өмірханов