Петропавлдық полицей Виктория қазақ тілін жақсы меңгерген
Петропавлдық полицей Виктория Вьюшкина да мемлекеттік тілді жетік меңгерген.
Ол учаскелік полиция инспекторы болып жұмыс істейді.
Виктория Вьюшкина ес білгелі қазақша сөйлейді. Мектепті «Алтын белгіге» бітірген ол жоғарғы оқу орнын да мемлекеттік тілде аяқтады. Одан бөлек халқымыздың әдебиеті мен мәдениетін де бір адамдай біледі.
Виктория Вьюшкина, учаскелік полиция қызметкері:
- «Абай жолын» оқыдым. Кезінде «Бақытсыз Жамалды» оқыдым. Мектеп кезінде көп әдеби шығармаларды оқығанмын. «Күлтегін», «Тоныкөн» оқығанмын. Өте қызық туындылар. Әрине ұнайды. Қазақ тілі өте зор, бай тіл.
Бұл оның маман болып қалыптасуына зор ықпал етті. Учаскелік полиция инспекторы қызмет үстінде адамдармен қазақша сөйлеседі. Іс қағаздарын да мемлекеттік тілде жүргізе алады. Әріптестері оны осы үшін мақтан тұтады.
Асқарбек Татанов, учаскелік полиция инспекторы:
- Виктория біздің учаскелік пункте өткен жылдың қараша айынан істейді. Осы уақытта өзін жақсы жағынан тек көрсетті. Естідік қазақша сөйлейтінін. Сондай қыз бар Виктория деген. Бәрі таңқалады. Сұрайды «қызым, сен қазақсың ба, орыссың ба» деп.
Полиция қызметкері болу Викторияның бала күнгі арманы. Қазір ол аға лейтенант шенінде. Ауылдан шыққан қарапайым қыз өзін құқық қорғау қызметіне арнап, алдына биік мақсаттар қойып отыр.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков