Теміртауға трамвай қайта оралады

Теміртаудағы трамвай паркі қайта іске қосылады. Металлургтер шаһарының символына айналған қоғамдық көлік қозғалысы алдағы үш жылда толық қалпына келмек.

Қазір теміржол мен электр желілері жаңартыла бастады.

Теміртаудағы трамвай паркі қала құраушы компания басшылығына қарайды. Былтыр парк жабылғанда жүздеген адам жұмыссыз қалған. Оларды сақтап қалу мақсатында комбинат басқа жұмыс ұсынуға мәжбүр болған. Бірақ көбі зиянды да ауыр өндірісте ұзақ уақыт істей алмады. Солардың бірі – Татьяна Фадеева. Ол трамвай паркінде 20 жылдан артық жүргізуші болған.

Татьяна Фадеева, Теміртау қаласының тұрғыны:

- Мен коксохимия цехында істеп көрдім. Бірақ аллергиям болғандықтан көп жүре алмадым. Жұмысы ауыр. Қазір бос жүрмін. Өзім талай жыл еңбек еткен трамвай паркі тезірек қайта іске қосылса екен. Темір жолы, тоқ желісі жөнделіп жаңа трамвайлар алынады деп жатыр. Мұны естіп қуанып қалдым. 

Былтыр трамвай паркіне техникалық тексеріс жүргізіліп, темір жол мен электр желілері, вагондардың әбден ескіргені белгілі болды. Бәрін жаңартуға кемінде 10 миллиард теңге қажет. Бұның бәрін тиімсіз деп есептеген сол кездегі комбинат басшылығы оны қала әкімдігінің теңгеріміне беруді ұсынған. Бірақ жергілікті билік мұнымен келіспей, паркті тек күрделі жаңғыртудан кейін меншікке алатынын жеткізген. Ұзаққа созылған проблема комбинатқа жаңа инвестордың келуімен шешімін тауып отыр.

Ораз Тәуірбеков, Теміртау қаласының әкімі:

- Қала құрушы мекемеге келер алдында осы Теміртау қаласының әлеуметтік маңызы бар жобалары қатарында трамвай көлігін сақтау және қалпына келтіру қажеттігін жеткізгенбіз. Қалпына келтіру үшін алғашқы жұмыстар басталып кеткен. Қазіргі таңда теміржолды қалпына келтіру жұмыстар басталды. Содан кейін электр желілерін жөндеу жұмыстары жалғасады.

Сәтін салса, осы жазда трамвай қозғалысы қайта жанданады. Қоғамдық көліктің бұл түрін толық қалпына келтіру 3 жыл ішінде кезең-кезеңмен жүзеге асырылады.

Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар, «24.KZ», Қарағанды обылсы