Алаяқтық асқынып барады

Онлайнда сақ болыңыз. Интернетте алаяқтар тым көбейіп барады.

Былтыр елде бас-аяғы 21мың 637 интернет-алаяқтық тіркелсе, биыл үш айда 11 мың 500-ден астам қылмыс анықталды. Бұл екі есе көп көрсеткіш.

Осы өткен сәуір айының өзінде полиция 1900-ге таяу алаяқтың ісін әшкерелеген. Мамандар әсіресе онлайн саудада сақ болуды ескертеді.

Ғаламтор дамыған заманда алаяқтар да көбейіп тұр. Бір қоңырау немесе бір тетікті басу арқылы қалай алданып қалғаныңызды білмей қаласыз. Бұл құрыққа әрнені қызық көріп, тез байып кетеріне сенетін жастар тұрмақ, ғаламтордан алыстау жүретін қарттар да түсіп қалып жатыр.

Мақсат Ашимов, Қарағанды облысы криминалдық полиция баскармасы бастығының орынбасары:

- 1941 жылы туған Ф есімді қарияның шотынан 50 млн теңгені алдау-арбау жолымен алмақшы болған қылмыстық топ арам пиғылын жүзеге асыра алмады. Өйткені банк қызметкерлері сонда жұмыс істейтін қауіпсіздік қызметіне, бізбен бірлесе отырып қоңырау шалды. Дер кезінде полиция қызметкерлері қариямен жолығып, сөйлесіп интернет алаяқтар екеніне көзін жеткіздік.

Кейінгі кездері банк қызметкері, болмаса тәртіп сақшысымын деп хабарласып, алдайтындар да көбейді. Онлайн сауда да сан соқтырып жатыр. Алдын-ала төлемді жіберіп қойып, не затын, не ақшасын ала алмай қалғандар қаншама.

Мақсат Ашимов, Қарағанды облысы криминалдық полиция баскармасы бастығының орынбасары:

- Банктарыңызда бір күмәнді операция жүріп жатыр деп айтуы мүмкін. Ешқашан сенбесін халқымыз. Ешқандай банк қызметкерлері ондай сұрақтармен біздің азаматтарды мазаламайды. Егер өз кредитін уақытында төлемесе ғана банк қызметкерлері телефон соғуы мүмкін. Басқа кезде ешқандай телефон соқпайды.

Биыл үш айдың ішінде алаяқтық факті бойынша 11500-ден астам қылмыстық іс тіркелген. Оның 5000-ға жуығы интернет-алаяқтық. Зардап шегушілердің көбі онлайн сауда жасаймыз деп алданған. Бұл бойынша алғашқы үш айда 1700-ден астам қылмыстық іс тіркелген. Осы уақыт аралығында алаяқтар халықтың 6,2 миллиардтан астам теңгесін қалтасына басқан.

Айдархан Аяфов, заңгер:

- Ақша әрине қайтарылады. Негізі тәжірибеде өте қиын. Заң бойынша қайтарылады. Тіпті еселеніп қайтарылуы мүмкін. Жұмысы, жоғалтқан уақыты, адвокат жалдауға кеткен қаржысы. Келтірілген заңға сәйкес өтеп алуға болады әрине. Бірақта бұл өте күрделі қазіргі кезде.

Әлеуметтік желі арқылы да хабарласып, алдауы мүмкін. Әсіресе шетел нөмерлерінен жиі қоңырау түседі. Бір тәуірі қазір басқа елде отырып алаяқтық жасайтындарды ұстауға да мүмкіндік бар.

Зарина Кәп, Ернар Жақсыбай, 24.KZ