Елордада Ұлттық ұланның авиациялық базасы ашылды

www.akorda.kz

Астанада Ұлттық ұланның жаңа авиациялық базасы ашылды. Айтулы шараға бүгін Мемлекет басшысы-Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысты.

Бұл әуе айлағы 33 гектар аумақта жайғасқан. Жаңа база күштік құрылымдардың әлеуетін едәуір арттыруға мүмкіндік беріп, ұшқыштардың шұғыл әрекет етуіне жағдай жасайды. Шара барысында Президент әскерилерді айтулы оқиғамен құттықтап, алда келе жатқан Отан қорғаушы күні мерекесімен құттықтады.

Ұлттық ұланның бас қолбасшылығы елордаға көшірілгенімен, әуе базасы Алматыда қалған еді. Осы күнге дейін әскери ұшқыштар Боралдайда жер жалдап, қойылған міндеттерді сол жақта орындап жүрген. Бұл өз кезегінде жеке құрамды, қажетті техниканы діттеген жерге тасымалдауда бірқатар қиындық туғызатын. Енді елорда төрінде жаңадан салынған авиациялық база бұл мәселелерді түбегейлі жойды. Отан қорғаушы күні қарсаңындағы бұл айтулы шараға Мемлекет басшысы-Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қатысты.

Мұндай авиациялық базаның ашылуы – Ұлттық ұлан үшін ғана емес, жалпы ел әскері үшін айтулы оқиға. Бұндағы диспетчерлік орталық, навигациялық жүйелер соңғы үлгідегі қондырғылармен жабдықталған. Сондықтан да бұл база күштік құрылымдардың әлеуетін едәуір арттыруға мүмкіндік береді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Авиациялық базаның ашылуы – Ұлттық ұлан ғана емес, бүкіл әскеріміз үшін айтулы оқиға. Бұл база күштік құрылымдардың әлеуетін едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Ұшқыштардың шұғыл әрекет етуіне жағдай жасайды. Мемлекет Қарулы Күштерді жабдықтап, әскери инфрақұрылымды дамыту мәселесін айрықша назарда ұстайды.

Әскерде авиацияның алар орны ерекше. Бүгінде Ұлттық ұланның авиациясы әскери-транспорттық ұшақтардан және де жойғыш тікұшақтардан жасақталған.

Риат Шони, тілші:

- Ұлттық ұлан авиациясының техникалық паркі жаңа әуе кемелерімен толығып жатыр. Мәселен, Y8 типтегі мына ұшақтар Қытай елінен жеткізілген. Айта кету керек, былтыр Ұлттық ұланның ұшқыштары Президент тапсырмасына сай зілзаладан зардап шеккен Сирия, Түркия және Ауғанстан мемлекеттеріне дәл осы ұшақтармен гуманитарлық көмек жеткізген болатын.

Маңызды миссияны орындауға тәжірибелі ұшқыш Құрманғали Топановтың командасы қатысқан. Айтуынша, ең қиыны Сирия еліне жету болыпты. Себебі ол жақтың әуежайында навигациялық жүйе жөнді жұмыс істемейді. Бұндай сәтте алып әуе кемесін діттеген жерге аман-есен қондыру ұшқыштардың шеберлігіне байланысты.

Құрманғали Топанов, әуе кемесінің командирі:

- Сирияға ұшқанда басқа ұшудан айырмашылығы – навигациялық жүйенің мүлдем жоғалып кетуі. Түркия елінің шекарасынан аса бергенде навигациялық жүйе өшіп қалды. Тек карта, секундомер және навигациялық линейкамен аэропортты тауып жеттік.

Ұлттық ұланның әуе кемелері елде болған көктемгі су тасқыны кезінде де маңызды қызмет атқарды. Мәселен, сәуір айының басында Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында әуеден барлау жұмыстарын атқарып жүрген МИ-171Е тікұшағының экипажы көмек сұраған 20-ға жуық баланы қауіпсіз аймаққа дер кезінде көшірген. Бұндай эвакуациялық жұмыстардың талайы болды, – дейді Ұлттық ұлан басшылығы.

Қайрат Үмбетов, ҚР Ұлттық ұланы бас қолбасшысының орынбасары:

- Ұлттық ұлан авиациялық базасының тапсырмасы – оперативтік жағдайда жеке құрамды республикамыздың өңірлеріне, белгіленген жерлеріне қысқа уақытта жеткізу және халыққа, ҚР территориясында болсын немесе шетелге гуманитарлық көмек пен басқа да заттарды жеткізу. Су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көрсетілген көмек және  148 тоннадан артық гуманитарлық көмек жеткізу тапсырмалары орындалған.

Бұндай маңызды миссиялардың мінсіз орындалуы ұшқыштардың біліктілігі жоғары екендігін айғақтайды. Бұны бүгін Мемлекет басшысы да ерекше атап өтіп, қиын-қыстау кезде халықпен бірге болған сарбаздарға өзінің ризашылығын білдірді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Осы орайда мен әскери ұшқыштардың кәсіби тұрғыдан білікті және шебер әрекетін ерекше атап өткім келеді. Олар зардап шеккен аймақтарға гуманитарлық жүк жеткізді. Азаматтарды қауіпсіз жерге көшірді. Соның бәрін мінсіз атқарды. Осындай қиын-қыстау кезде халықпен бірге болған сарбаздарға зор ризашылығымды білдіремін.

Жалпы ел әскерінде өз ісінің нағыз кәсіби мамандары қызмет етіп жатыр. Тіпті қазақ армиясына бүгінде әлемдік аренада да маңызды миссиялар сеніп тапсырылған. Мысалы, қазір біздің бітімгерлер БҰҰ-ның аясында Голан жоталарында алғаш рет өз міндеттерін дербес орындауға кіріскен. Бұл әскеріміздің дайындық деңгейінің жоғары екенін және еліміздің әлемдік аренадағы беделінің өсіп келе жатқанын анық көрсетеді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Халқымыз ержүрек жауынгерлерін қадір тұтқан, оларға құрмет көрсеткен. Мен Ұлттық құрылтайдың Атыраудағы отырысында Талдықорған қаласындағы әскери авиабазаға жерлесіміз, Кеңес Одағының екі мәрте батыры Сергей Луганскийдің атын беру туралы тапсырма бердім. Алматылық даңқты ұшқыштың өнегелі өмірі ұрпаққа әрдайым үлгі болуы керек. Мұндай бастама ұлттық әскеріміздің беделін арттыра түсетіні сөзсіз. Ел үшін жасалған ерлік ешқашан ұмытылмайды.

Ұлттық ұлан авиациялық базасының ашылу шарасында Президент мұндағы бірқатар инфрақұрылымдық нысандарды да аралап көрді. Түрлі арнаулы техникалардың жаңа үлгілерімен танысты. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қалашықтың Даңқ залына барып, Құрметті қонақтар кітабына қолтаңбасын қалдырды. Айта кету керек, Ұлттық ұлан авиациясының техникалық паркі алдағы 2 жылда жаңа транспорттық-ұшақтармен тағы да толығатын болады. Y8 типтегі 3 бірдей әуе кемесі 2026 жылға дейін елге жеткізіледі деп жоспарланып отыр.

Авторлары: Риат Шони, Ерлан Наурызбаев, Алмас Омарғалиев.