СҚО-дағы Тепличное ауылында тасқын салдарын жою басталды

Солтүстік Қазақстан облысы Тепличное ауылында тасқын салдарын жою жұмыстары басталып кетті. Қазір қала маңындағы елді мекенде көшелердегі су сорылып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Бұл жұмысқа құтқарушылар мен арнайы техникалар жұмылдырылған.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Қызылжар ауданында көктемгі тасқыннан бәрінен де Теплчиное ауылы зардап шекті. Сәуірдің 13-і таңғы сағат 7-де Есіл өзені айнала салынған бөгетті екі жерден бұзып өтіп, елді мекенге жайылды. Қазір судың деңгейі тізеден келеді.

Бұл – қайта тасқын судың беті қайтқаны. Бұған дейін судың деңгейі 4-5 метрге көтерілген. Есіл өзенінен тасыған су ауылдағы 410 үйді басып қалды. Кейбіреуі түгел кеткен. Ал тұрғындар шығын көлемін санап, сары уайымға түсті.

Людмила Зямбахтина, Тепличное ауылының тұрғыны:

- Үйіме қайықпен барып, мысықтарымды алып шықтым. Су шатырға дейін көтерілген. Тұрмыстық техника, жиһаздың бәрі бүлініп бұзылды. Былай болады деп ойлаған жоқпын. Қазір қалада пәтер жалдап тұрамыз.

Есіл өзенімен ағып келген мұз кесектері электр бағаналарын да құлатып, ауыл жарықсыз қалды. «Қазір ең алдымен тасқын суды сорып шығару керек», – дейді мамандар. Оған 3 техника бөлініп, жұмыс істеп жатыр. Көмекке Ақмола, Қарағанды және Ұлытау облыстарының құтқарушылары да келді.

Алданыш Рахтаев, №2 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары:

- Бұл жақтың суы өзімен кетеді. Бірақ та өте көп уақыт керек. Шамамен 1 ай, 1,5 айдай. Ол – жерге сіңіп кететін ғана су. Ал қазір егер де осы мотопомпалардың көмегімен суды сорып, мына жаққа қарай жіберсек, тезірек кетеді.

Қазір ауылдың 10 көшесі судан арылды. Енді үйлерге техникалық сараптама жасалып, бүлінген мүлік бағаланады. Оның қорытындысы бойынша тұрғындарға өтемақы немесе баспана беріледі.   

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков.