Жарыссөздің екінші күні: Бишімбаевтың соты аяқталуға жақын

Елордада Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша жарыссөз жалғасты, деп хабарлайды 24KZ.

Бүгін күдіктінің қорғаушыларына сөз берілді. Адвокаттар: «айыпталушы абайсызда қылмыс жасады», – деп отыр. Сондықтан сотталушыға тағылған кейбір айыптармен келіспейтіндіктерін мәлімдеді.

Қуандық Танабас, тілші:

- Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты сот процесі өз мәресіне жақындап келеді. Бүгін – сот талқылауларының екінші күні. Кешегі жарыссөзде марқұмның туған ағасы мен оның қорғаушылары сөйлесе, бүгінгі жарыссөзде Бишімбаевтың қорғаушыларына сөз кезегі берілді.

Соттың талап-ережесіне сәйкес жарыссөзге тараптар бекітілген кезекпен қатысады. Бүгін алқабилер алдында Бишімбаевтың қорғаушылары өз уәждерін айтып, сөздерін дәлелдеуге тырысты. Қорғаушы Лейла Рамазанова Бишімбаев пен марқұм Нүкенованың мессенджерлердегі жазбаларын көпшіліктің назарына ұсынып, ерлі-зайыптылардың ел қатарлы өмір сүргенін айтты. Бишімбаев жұбайына қысым көрсетпеген. Қорғаушы алқа билерден адам тағдырына атүсті қарамай, әділ шешім шығаруды сұрады. 

Лейла Рамазанова, қорғаушы:

- Бишімбаевты жазалағанымен, қоғамдағы барлық мәселелер шешіліп кете ме? Біз Қуандықты қорғап тұрған жоқпыз, біз заңның үстемдігін қалаймыз. Оның орнында эмоцияға жол берген кез келген адам болуы мүмкін. Заң бойынша кез келген қылмыс толығымен дәлелденуі керек. 

Ал қорғаушы Ерлан Ғазымжанов болса: «Бишімбаев өз әйелін қасақана өлтірген жоқ», – деп отыр. Қылмыстың абайсызда жасалғанын және оған нақты дәлелдер жеткілікті екенін алға тартты.       

Ерлан Ғазымжанов, қорғаушы:

- Азаптау – бұл жүйелі түрде ұру. Бірақ некеде тұрған бір жылда 3 оқиға болған, сонда ол жүйелі ұру ма? Олар бірге серуендеп, демалған. Қалаған жеріне барып, қымбат әшекей тағып, киімдер киген. Бірақ 3 рет жанжалдасып қалған. Сонда бұл жүйелі түрде ұру ма? Енді әр отбасының мәселесіне араласып, жылына 3 жанжал болды деп әр адамды соттай берсек не болады?

Жарыссөзде Қуандық Бишімбаевтың анасы да өз ойын білдірді. «Ұлым жасаған қылмысын мойнымен көтереді, бірақ ол әйелін қасақана өлтірген жоқ», – деді Альмира Нұрлыбекова. 

Альмира Нұрлыбекова, Қ. Бишімбаевтың анасы:

- Ол қасақана қылмыс жасаған жоқ. Ол байқаусызда адам өлтіргені үшін жауап беруі керек. Оның 4 баласы бар екенін ескерулеріңізді сұраймын. Ана ретінде кешірім сұраймын.

Бишімбаевтың қорғаушылары аталған сот процесін өзге елдердің де білікті заңгелері жіті бақылап отырғанын айтты. Сондықтан сот шешімі елдегі заң үстемдігінің көрінісі болатынын жеткізді.

Авторлары: Қуандық Танабас, Ержан Рахманбердиев.