Петропавлда су астында қалған 120 үйді бағалау жұмысы басталды
Петропавлда су астында қалған 120 үйді бағалау жұмыстары басталды.
Әзірге тәуелсіз сарапшылар есеп-қисапты құрғаған көшелерде жүргізіп жатыр. Бұл аудандарда тасқын салдарын жою шаралары да қатар атқарылады.
Андрей Татаринцев Ойқала ықшам ауданында 30 жылдан бері тұрады. Биыл оның үйін бірінші рет су басты. Есіл өзені терезенің төменгі тұсына дейін көтерілген. Енді шығын көлемін тәуелсіз сарапшылар анықтайды.
Андрей Татаринцев, қала тұрғыны:
- Мамандар бүлінген мүлікті бағалап кетті. Тұрмыстық техника мен жиһаздарды екінші қабатқа шығарып үлгердім. Ал үйдің ағаш қабырғалары мен едені бұзылған. Енді бәрін қалпына келтіру керек.
Петропавлда бәрінен де осы Ойқала ықшам ауданы зардап шекті. Бұл жақта мыңнан аса үй су астында қалды. Қазір қала аумағында тасқынның салдарын жоюға 100 механикалық бригада жұмылдырылған.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Тасқыннан кейінгі көрініс осындай міне Есілдің суы қоршаулардың тас-талқанын шығарған. Ал ана бір жердегі шеткі үй құлайын деп тұр.
Бүлінген мүлікті бағалаумен 7 компания айналысып жатыр. Ал үй тұруға жарай ма, жоқ па оны техникалық сарапшылар шешеді.
Әсем Айтулова, қала әкімінің баспасөз хатшысы:
- Жарамсыз деп танылды Косогор ауданындағы 8 үй. Ол үйлер бойынша тұрғындар пәтерлерді таңдады. Қазіргі кезде сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тұрғындар үйдің квадратына байланысты жаңа пәтер алатын болады.
Петропавлда тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға 500 жер үй салынады. Оған «Қазақстан халқына» қоры мен еліміздің ірі компаниялары қаржы бөлді. Қазір алғашқы 100 үйдің қазығы қағылды.
Майгүл Елемесова, құрылыс басқармасының баспасөз хатшысы:
- Құрылыс жұмыстары шамамен 2-3 айда аяқталуы тиіс. Үйлердің бір үйдің жалпы ауданы 80 шаршы метрді құрайтын болады. Жалпы Солнечный-2 шағын ауданыны түгел электр, су желілері тартылған. Сол себепті бұл жердегі жұмыстар өте тез және уақыты аяқталады деп күтілуде.
Өңірде әлеуметтік көмектің ережесі өзгертілді. Енді 100 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі жәрдемақы саяжай иелеріне де қарастырылады. Егер олардың басқа тұратын жері болмаса, баспана беріледі. Қазір облыс бойынша біржолғы төлем 3 мың адамға берілді. Оны онлайн алу үшін «egov» қосымшасында арнайы қызмет іске қосылды.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов, Қуаныш Қазбеков