Кеншінің ерлігі еленді
Батырлық пен ерлік жаугершілік заманда ғана сыналмайды.
Бейбіт өмірдің батырлары арамызда жүр. Айбар Қосанов өзі жұмыс істейтін Костенко шахтасында тұтанған өртті дер кезінде сөндіріп, әріптестерін қатерден құтқарып қалған еді.
Мемлекет басшысының Жарлығымен қарағандылық кенші III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды.
Айбар Қосанов Костенко шахтасында 3 жылдан бері жұмыс істейді. 2-ші мамыр күні ол кеніш конвейерінен шыққан түтінді байқайды. Шұғыл әрекет етіп, енді тұтана бастаған отты сөндіріп үлгереді.
Айбар Қосанов, кенші:
- Түтін шығып жатты. Барып екі өрт сөндіргішті алып сөндірдім. Сосын артқа ствол жаққа қайттым, жоғарыға шықтым. Рахмет осылай еңбегімді, ерлігімді елеп жатқанына.
Сол күні шахтада 200-ге жуық кенші болған. Қауіп төнген сәтте кезекші дереу дабыл беріп, барлығы жоғарыға шығарылған. Оның өзіне біраз уақыт кеткен. «Басын қатерге тігіп, шұғыл шешім қабылдаған Айбардың әрекеті нағыз ерлік», - дейді шахта басшылары.
Денис Дымов, Костенко атындағы шахтаның директоры:
- Ол өзіне қауіп төніп тұрса да, шұғыл шешім қабылдай алды. Мұның өзі ерлік. Түтін шығып жатқан аумақ 700 метр жерде болған. Тез жетіп, айналасы 15-20 минутта апаттың алдын алды.
Айбар 1987 жылы Ақсу-Аюлы ауылында дүниеге келген. Бала күнінен елгезек, еңбекқор болып өсті. Осы қасиеттерінің арқасында ұжымда сыйлы, отбасында үлгілі әке.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар