Ұлттық ұлан қызметкерлері марапатталды

Елдегі су тасқыны кезінде сарбаздар да құтқару жұмыстарына атсалысып, табиғи апатпен күреске жұмылдырылды.

Ұлттық ұланның 3 мыңнан аса қызметкері бөгеттер салуға көмектесіп, әскери техникамен халықты эвакуациялауға тартылды.

Олардың кейбірі әлі күнге дейін Атырауда тасқынға қарсы жұмылған топтың қатарында жүр. Мереке қарсаңында Ұлттық ұланның бірқатар қызметкері марапатқа ие болды.

Астана қаласындағы Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығында Отан қорғаушылар күніне орай марапаттау рәсімі өтті. Жиынға Ұлттық ұланның ардагерлері мен әскери қызметкерлері қатысты.

Қуаныш Қожахметов, Ұлттық ұлан ардагері:
- Ұлттық ұлан еліміздің тұрақтылығы мен тыныштығын қамтамасыз етуге арналған әскер болып табылады. Біздің Президентіміз жоғарғы Қарулы күштеріміздің жоғарғы бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтып өткен бұл мереке бәрімізге ортақ. Ұлттық ұлан бұл мерекеге үлкен абыроймен келіп отыр деп айтуға болады.

Сонымен қатар мерекеге қарсаңында генерал шенін алған – Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы Бекайдар Қазкеев пен елордалық 5573 әскери бөлімінің командирі Аян Есжановқа құрмет көрсетілді.

Бекайдар Қазкеев, Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор:
- Батыс өңірлігінің Қолбасшысы болғандықтан, біздің Батыс өңірлерде және Солтүстік өңірлерде су тасқыны болды ғой. Сол су тасқыны барысында басқа органдармен бірлесіп, біздің Ұлттық ұлан жеке құрамда атсалысты. Батыс Қазақстан облысында, қазіргі таңда Атырау қаласында әлі күнге дейін су тасқынына қарсы үлкен қызметтер атқаралып жатыр.

Елдегі су тасқыны кезінде Ұлттық ұланның 3 мыңнан астам әскери қызметшісі қосымша күш ретінде көмек көрсетті. Су басқан аймақтарда бөгеттер салды. Сондай-ақ, арнайы әскери техникамен халықты уақытылы эвакуациялау жұмыстарын жүргізді.

Авторлары: Зарина Кәп, Мадияр Қындыбаев