Қызылордада «Әскердегі бір күн» іс-шарасы өтті

Жас сарбаздар сап түзеді.

Қызылордада Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық жоғары колледждің ұйымдастыруымен «Әскердегі бір күн» іс-шарасы өтті.

Онда бірінші курс студенттері сарбаздармен бірге әскери қызмет атқарды.

Жас сарбаздық өрендер сап түзеді. Бұл жолы қазақтың қаһармын қызы Мәншүк Мәметова атымен аталатын педагогикалық колледждің білім алушылары әскери әлемнің қыр-сырымен қанығу үшін бас қосты. Олар бір күн бойы өңірдегі Отан алдындағы борышын өтеуші сарбаздармен бірге әскери қызмет етті.

Жақсыгүл Тоғанова, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің директоры:
- Таңғы ұйқыдан оянудан бастап, әскери жаттылғулар, сонымен қатар, әскери іс қимылдар, қару жинау, төсек жинау қырымен, бір уақытта жедел киіну, міне осының бәрі АӘД пәнінде жоспарлы жүйелі жүзеге асып жатыр.

Қаланың жайлы өмірін казармадағы тәртіппен ауыстырған студенттер әскери бөлімшенің тыныс-тіршілігімен танысты. Қару асынып, түн баласы көз ілмеді, нарядқа тұрды. Далалық тактиканы меңгеріп, кәдімгі жауынгерлерше түрлі жаттығуларды орындады. Ал ымырт түскеннен сала ардагерлермен кездесіп, қандыкөйлек қаруластардың ерлік жолынан естеліктер тыңдады.

Бекзат Ибрагимов, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің студенті:
- Бүгінгі әсеріміз осы бір күннің ішінде жалпы жауапкершілігімізді ел алдындағы, Отан алдындағы борышымызды түсіндік. Бір күн аз болса да, қаншама нәрсе үйрендік. Арнайы шаралар және шекара ішіндегі, шекара арасындағы арнайы қару-жарақтарды  түбегейлі меңгердім.

Бір күннің бері мол. Ұйымдастырушылар осылай деді. Әскери өмірдің қиыншылығымен қатар, қызықшылығын көрген студенттер оқуын аяқтаған бойдан, азаматтық борышын бірге өтеуге уағдаласып, тарқасты.

Авторы: Шернияз Жалғасбекұлы