Ақмола облысында 270-ке жуық әскери-патриоттық клуб бар

Отансүйгіштікке баулитын ұйымдарда оқушылар мен студенттер алғашқы әскери дайындықтан өтіп, қарым-қабілетін шыңдайды.

Теориялық білімдерін практикада ұштастырады.

Бұл «Айбын» әскери-патриоттық клубы Көкшетаудағы колледж базасында құрылған. Балалар қатаң іріктеуден өтіп барып, құрамға алынады. Оқуда озат, физикалық тұрғыда мықтыларға басымдық беріледі.

Ербатыр Қабдөш, студент:
-
Жалпы біз автомат бұзып, жинау, пневматикалы винтовкадан ату сияқты жаттығулармен айналысамыз. Әскери өмірдің үштен бір бөлігін осы клубта көріп, үйреніп жатырмыз. Біз практикадан бөлек, теориялық түрде әскери жарғыларды жаттап, конституциялық заңдарды жаттаймыз. Бұл бізге жақсы жағынан әсер етеді деп ойлаймын.

Әскери дағдыларды меңгеруде қыздар да жігіттерден қалыспайды. Клуб құрамындағы 20 студенттің алтауы қыз бала.

Томирис Кенжетай, студент:
-
Менің ойымша ең бастысы ниет болса болғаны. Яғни әр қыз баласы үшін өз елінің, өз жерінің мақтанышы болғысы келсе, патриоттық сезімі жеткілікті болса, қойылған мақсатқа жетуге болады.

Айбындықтар бірсыпыра халықаралық, республикалық жарыстарда топ жарды. Қазір тағы бір ауқымды да жауапты сайысқа дайындалып жатыр.

Тілектес Жабағин, мұғалім:
- Б
алалар казармалық режимде дайындалып жатыр. Сабаққа ешқандай кедергілері жоқ. Сабақ пен дайындық барысын бірге алып жүр. Егер балалар уақытын тиімді пайдаланса үлгереді деген ойдамын.

Жалпы колледж базасында әскери-патриоттық қыздар клубы да бар. «Томирис» деп аталатын топ саптық ән байқаулары мен жарыстарда көрермен көзайымына айналып үлгерді. Арулар әскери тәрбиемен қатар, ұлттық құндылықтарды дәріптейді.

Ақгүлім Сәлімгерей, студент:
-
Осы патриоттық клубтың қыздарға тигізер пайдасы өте көп. Ол бізде эстетикалық тәрбиеден басталып, рухани құндылықтарға дейін барады. Яғни біз әр апта сайын қыздармен әртүрлі мәндегі жиындар өткіземіз және осы саптық жиындарға қатысамыз.

Қазір Ақмола облысындағы әскери-патриоттық клубтарда 5 мыңнан астам бала отансүйгіштік қасиетті бойына сіңіріп жүр. Ұйымдардың саны да жылдан-жылға артып келеді.

Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко