Өскемендіктер 96 жастағы ардагерді құттықтады

Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне құрмет көрсетіп, ерлігін ұлықтау – бүгінгі ұрпақтың борышы. Осы мақсатта өскемендік қала белсенділері мен депутаттары 96 жастағы Михайл Головатюкті «Жеңіс күнімен» құттықтады, деп хабарлайды 24KZ.

Әуезді әскери ән арнап, ақ жарма тілектерін жеткізді. Қарт сарбаз 16 жасында еңбек армиясына қабылданып, Иркутск-Байқал теміржолын салуға атсалысқан. Бір жылдан соң майдан даласына аттанып, ерен ерлігімен көзге түскен. «Жапонияны жеңгені үшін медалімен» марапатталған. Соғыстан кейін де жауынгер қол қусырып отырмаған. Тау-кен саласының дамуына үлес қосып, металлургиялық кешенде 35 жыл бойы еңбек етті. 3 ұлды тәрбиелеп өсірген жауынгер ақсақалдың, өскелең ұрпаққа айтар өсиеті көп.

Михайл Головатюк, ҰОС ардагері:

- Мемлекетіміз ардагерлер үшін барлығын жасап, үлкен қамқорлық көрсетіп жатыр. Соғысты көрген жауынгерлер қатары күн санап азайып барады. Әрине, біз де осылай тарихқа сіңеміз ғой. Көңіл бөліп, құттықтап жатқандарыңа алғысым шексіз. Мейрам құтты болсын. Жастарға айтарым, ең бастысы, еңбектен қашпаңдар, сонда ғана қиындықты жеңуге болады.

Нұрлан Умарбеков, қалалық мәслихат депутаты:

- Қазіргі буын болсын, келер ұрпақ болсын, ардагерлердің еңбегін, ерлігін еш ұмытпаса екен деймін. Өйткені олардың бізге аманат еткен дүниесі – осы ашық аспан, бейбіт өмір. Сол үшін жан аямай күресті, қан майданға араласты.