Алматы облысында ерлік көрсеткен полицей марапатталды
Отан қорғаушы күніне орай Алматы облысында қызмет барысында ерлігімен көзге түскен полиция қызметкерлері марапатталды, деп хабарлайды 24KZ.
Солардың бірі – Еңбекшіқазақ аудандық Шелек полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Ермек Ауғамбаев. Оны Қаратұрық ауылында спирттік ішімдікке сылқия тойып алып, үй ішінің берекесін алған маскүнем аңшы мылтығымен атып жіберген. Полиция қызметкерінің шапшаң әрекет етуі арқасында қылмыскер тез арада ұсталып, абақтыға қамалды.
Ермек Ауғамбаев 17 сәуір күні қызмет бабымен Қаратұрық ауылына шақыртуға барған. Себебі кезекші бөлімге таңғы 9-дар шамасында тұрғындардың бірі спирттік ішімдік ішіп алып, ауласында айғай-шу шығарып жатқаны туралы хабар түседі. Өздеріне берілген мекенжай бойынша әлгі үйге дереу жеткен учаскелік инспекторлар қожайынынан сыртқа шығып сөйлесуін өтінген.
Ермек Ауғамбаев, Шелек полиция бөлімінің учаскелік инспекторы:
- Үйіне барсақ, үйінің артында ішкиіммен отыр екен жаңағы. Сонымен «Дамир, полиция ғой, участковый ғой, бері шығып сөйлесейік», – дедік. Ол үйін айналып кетті. Киініп шығатын шығар деп отырдық. Сыртта тұрдық, жоқ болып кетті. «Напарнигімді» ертіп, жаңағы көршісін ертіп кіргенбіз. Кіріп келе жатқан кезде алдымыздан мылтықпен шықты ғой. Қолында мылтығы бар екен деп, айналған кезде атып жіберді. Оң қолыма тиді. Атқан кісіні ұстадық сол жерде. Ұстап, мені жедел жәрдеммен алып кетті.
Абырой болғанда, 12 калибрлі аңшы мылтығынан атылған оқ контейнерлі болып шыққан. Жай оқ болса, мылтық атылған бойда бытыра бірден шашырап, аулаға кірген 3 адам жазым болуы мүмкін еді. «Қайта оқ қолыма тиіп, Құдай сақтады. Өзімнің 3 балам бар. Солар жетім, әйелім жесір қалса, оларды кім асырайды? Мені атқан адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Туыстары араға адам салып көрді. Заң алдында азаматтардың бәрі бірдей. Қолмен істегенді мойынмен көтере білген абзал», – дейді учаскелік инспектор.
Абылай Нұрымов, облыстық ПД тәрбие және кардр жұмысы басқармасының бастығы:
- Шақыртуға бару барысында қылмыскерге жаралана отырып, қылмыскерді ұстап, ерлік көрсетті. Бұл – енді қазіргі таңда біздің жас ұрпаққа деген үлгіміз. Бұл, әрине, Алматы облысының имиджін көтеру барысында, яғни атқарған жұмысының, өзінің болашақта да алға қойған мақсатының арқасында өзін ерлікпен көрсетіп отыр біздің қызметкеріміз.
Ермек Ауғамбаев бүгін еліміздің Ішкі істер министрінің бұйрығымен «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды. Оны Алматы облыстық Полиция департаменітінің бастығы Бауыржан Аленов мырза табыс етті. Менің мақсатым – берген антыма адал болып, туған елге, Қазақстан полициясына мінсіз қызмет ету», – дейді өзінен кейінгі жастарға жарқын ерлік үлгісін көрсеткен учаскелік инспектор.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсембаев, Аманжол Жөңкешов.