Тараздағы әскери механиктер 30 жылдан аса қызмет етіп келеді
Тараздағы 01731 әскери бөлімінде бір жылда 100-ден аса жауынгерлік техника қалпына келтірілді, деп хабарлайды 24KZ.
Ауыр техника мен артиллерияны жөндеуге машықтанған бөлімде 30 жылдан аса жұмыс істеп келе жатқан механиктер бар. Еңбегі көзге көріне бермейтін әскерилермен әріптесім Мерей Бает жолығып қайтты.
Тараздағы 01731 әскери бөлімін «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының ұстаханасы деуге болады. Себебі әскери құрылымға қарасты барлық техника осында жөнделеді. Мәселен, мұнда ақауы бар ауыр көліктерді жөндейтін 4 цех орналасқан. Мұнда мамандығына шын берілген шеберлер жұмыс істейді. Мәселен, Муслим Гаджиев 17 жылдан бері әскери салада қызмет етіп жүр. Соның 8 жылын техникаларды жөндеуге арнаған.
Муслим Гаджиев, 01731 әскери бөлімінің бөлімше командирі:
- Ауыр тартады, үнемі жүкпен жүреді ары-бері. Мыналар үнемі танк тасиды басқа бір қаладан басқа қалаға. Содан қозғалтқыштың «поршендары» кетеді, «колцалары» кетеді негізінен. Фиредо корзиналары кетеді. Соларды біз ауыстырып, машинаны жүргіземіз. Жалпы екі тәулік кетеді бір моторды шығарып, ауыстырып, бәрін қайтадан жинауға.
Әскери бөлім мамандары ауыр техникамен қоса зымыран мен броньды машиналарды да жөндейді. Қозғалтқыштың қыр-сырын меңгерген мамандар бір жылда 30 танк пен осынша артиллериялық қару-жарақты және 50-ден астам автокөлікті қатарға қосты. Цехтағы құрылғылар жыл санап жаңарып келеді. Мамандар соның көмегімен техниканың бұзылған жерін тез тауып, жылдам жөндеп береді.
Рауан Шәкіров, 01731 әскери бөлімінің командирі:
- Әскери қызметшілердің ішінде түрлі-түрлі шеберлер бар. Ол автомобильдік техника, брондық танктық техника және артилериялық зымырандарды қалыпқа жөндеу келтіру жұмыстарын атқаратын шеберлер өте көп. Оның ең көбі 35 жыл жұмыс істеп жатқан мамандар бар. Олар әскери зейнетке шығып кетіп, осы қызметті ары қарай жалғастырып жатыр.
Әскери бөлім қызметкерлері қару-жарақ пен қорғаныс күштерінің техникасын тасымалдаумен де айналысады. Мәселен, топан су басқан еліміздің аймақтарына әскери техникаларды дәл осы бөлім жауынгерлері жеткізіп отырды.
Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә.