Арнаулы жасақ – айрықша міндет: «Көкжал» жауынгерлерімен эксклюзивті сұхбат

Мемлекеттік күзет қызметі – әскери саладағы ең элиталық күштік құрылым.

Олар 24 сағат бойы Президенттің жанынан табылады. Әркез төтеден төнген қауіпке тосыннан тойтарыс беруге дайын. Онда «Қалқан», «Сардар», «Көкжал» секілді таңдаулы жасақтар бар. Бірақ олардың қызметі көпке беймәлім. Құпия жасақтың тыныс-тіршілігімен әріптесім Мерей Қанапия танысып қайтты. Арнаулы мақсаттағы «Көкжал» жауынгерлерімен алғаш рет сұхбаттасып, эксклюзив материал әзірледі.

Мерей Қанапия, тілші:

- Қазір мен қорғалуға тиіс заңды тұлғаның рөліндемін. Көкжалдықтар мені шабуылдаушылардан көлегейлеп, қауіпсіз аймаққа шығаруға тырысып жатыр. Себебі дәл осы жігіттер Президенттен бастап, шетелден келетін қонақтардың өміріне тікелей жауапты.

«Көкжал» арнаулы мақсаттағы күштері 2020 жылы қаңтарда құрылды. Аз уақытта жасақ арландардың арманына айналды. Онда қызмет ету – екінің біріне бұйырмайтын бақ. Олар өз қарауындағы тұлғаларды әуеден де, жерден де түрлі шабуылдан қорғауға дайын. Сондай-ақ лаңкестік операцияларға да қатысады.

МКҚ «Көкжал» арнаулы мақсаттағы күштерінің командирі:

- Біздің ұранымыз: «Отан жалғыз, тыл жалғыз». Қорғамасақ, несіне ер боп туғанбыз?! Менің ойымша, қазіргі қазақтың батырларымыз.

Көкжалдықтар заманауи озық үлгідегі қару-жарақ түрлерімен жабдықталған. Тіпті ұшқышсыз басқарылатын аппараттардың бірнеше түрі бар. Мысалы, мына дронға граната бекіту арқылы күтпеген жерден жаудың тас-талқанын шығаруға болады.

Бұл – қолданыстағы қарапайым қару-жарақтар мен дрондар. Ал негізгілері құпия сақталады.

МКҚ «Көкжал» арнаулы мақсаттағы күштерінің жауынгері:

- Әлемде болып жатқан соғыстарға байланысты түрлі мониторинг жасап отырамыз. Соған байланысты солардың қарқынды дамып жатқанын байқап отырмыз, ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану. «Көкжалдың» жеке құрамын әртүрлі жеке курстарға жібердік. Бұдан да басқа ұшқышсыз ұшу аппараттары бар бізде, әртүрлі модерификацияда.

Жасақ қатарына іріктеуде үміткерлерге қойылатын талап «Сардар» арнайы мақсаттағы жасағымен бірдей. Яғни, бойы 180 см-ден ұзын, білімі жоғары, физикалық дайындығы мықты әрі ең кемі спорт шеберлігіне үміткер болуы тиіс.

МКҚ «Көкжал» арнаулы мақсаттағы күштерінің командирі:

- Сонымен қатар психологиялық іріктеуден жасаймыз. Жақсы деген әскери қызметшілерді, жауынгерлерді осы жасаққа аламыз. Бұл жасақта спорт шеберлігіне үміткерлер бар, әлемге шығып жүрген спорт шеберлері бар.

Сайдың тасындай іріктелген жігіттердің әр операциясы ерлікке толы. Сәйкесінше қауіп-қатер де жоқ емес. Сондықтан аты-жөндерін атап, түрін түстеп көрсетуге қатаң түрде тыйым салынады. Олардың есімі елге белгісіз болғанымен, қырағылығы мен батырлығы көпке үлгі.

Авторлары: Мерей Қанапия, Наурызбай Құрманғазы.