Қарағандыдағы сарбаз Президент алғысына бөленді
Солтүстік Қазақстан облысындағы су тасқынына қарсы күресте әскерилердің еңбегі ерен, деп хабарлайды 24KZ.
Олар өзен жағасын нығайтып, қоғамдық тәртіпті қадағалады. Сондай жауынгерлердің бірі – Илья Кузьмин. Ол Қарағандыдағы 31775 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүр. Сарбаз жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғысына бөленді.
Илья әскер қатарына жарты жыл бұрын алынғанымен Президент алғысына бөленіп үлгерді. Ол өткен айда 300 сарбаздың құрамында Петропавлдағы су тасқынымен күрес шараларына жұмылдырылды. Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысында атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, жауынгерлердің қажырлы еңбегін ерекше атап өткен.
Сөйтіп, Ильяға өз атынан қолсағат сыйлаған. Жалпы мұндай құрметке тағы 3 сарбаз ие болды.
Илья Кузьмин, «Астана» ӨҚ 31775 әскери бөлімінің сарбазы:
- Сол сағат алған кезде мен үшін өте үлкен қуаныш, былай қарасаңыз. Өйткені ол әр сарбазға берілген жоқ. Ең бірінші әскерден естелік болып қалады. Ертең үйленіп, балаларым болғанда, інілеріме мақтанып айтатын боламын. Мен үшін бұл – өте үлкен құрмет. Петропавл қаласында сол су тасқынына қарсы күрестік. Барлығымызда ортақ мақсатымыз болды. Қолдан келгенше көмек көрсеттік.
Илья Солтүстік Қазақстан облысындағы Талшық ауылында дүниеге келген. Қазақша еркін сайрайды. Колледжді Көкшетауда бітірген.
Илья Кузьмин, «Астана» ӨҚ 31775 әскери бөлімінің сарбазы:
- Оқу бітіріп, жұмысқа кірейін деп жатқан едім. Әскерге шақырды. Көп созбай, барып келем деп шештім. Өйткені кейбір жастар бар қашатын әскерден. Мен барып келген соң асықпай жұмысымды істеймін дедім.
Өзі спортқа да жақын. Еркін күреспен айналысып, хоккей де ойнаған. Тіпті Көкшетаудағы «Барыс» жастар хоккей клубында өнер көрсетті. Физикалық тұрғыда мықты болғандықтан, жауынгерлік дайындықта үздік нәтиже көрсетіп жүр.
Қанат Сағынбаев, «Астана» ӨҚ 31775 әскери бөлімінің артиллериялық дивизион командирі:
- Ол өзін тек қана жақсы жағынан көрсетті. Жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық даярлық сабақтарынан тек қана 4-5 бағалармен бағаланады. Тек қана дивизионның емес, 7-і механикаландырылған бригаданың мақтанышы. Ол осы жарты жыл қызметін өтеген соң бізге сержант болып жұмысқа қалуға дайын екенін айтқан.
Жастарды әскер қатарына тартып, патриоттық сезімді насихаттауда Илья сияқты сарбаздарды өзгелерге үлгі етеміз, – дейді офицерлер.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар.