Абай облысынан майданға аттанған халықтың жартысы оралмаған
Абай облысынан майдан даласына 100 мыңға жуық адам аттанып, жартысы қайта оралмаған.
Өкінішке орай, сұрапыл соғысты бастан өткерген ардагерлер қатары сиреп барады. Қазір өңірде көзі тірі 5 майдангер ғана қалды. Жеңіс күніне орай оларға 2 миллион теңге көлемінде сыйақы берілді.
Әбдіғали Қаймолдин биыл 103 жасқа толады. Ол Харковьті азат етіп, Сталинград түбіндегі ұрыстарда ерлік көрсетті. Жастайынан мұғалім болуды армандағанын айтады. Бірақ 16 жасында майдан даласына аттанған.
Әбдіғали Қаймолдин, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері:
- Содан кейін уже все до конца войны жүрдік қой. 5 рет жараландым. 2 аяғым бірдей сынып, гипсте жаттым. Өсіп келе жатқан жасқа айтарым өтірік айтпау керек, темекі арақтан аулақ болу керек. Отан үшін, халық үшін, келешек жастар үшін адал еңбек істеу керек. Вот солай болу керек.
Әскери оркестр карт майдангерлерге құрмет көрсетті. Олардың үйлеріне барып, соғыс әндерін орындады.
Александр Атавин Батыс майданның 58-дивизия құрамында соғысты. Ауыр минометтер тасымалдайтын көлікті тізгіндеді. Екі рет жарақаттанып, Жеңісті Австрияда екінші Украина майданының құрамында қарсы алды.
- Здравствуйте! С праздником, Вас! С Днем Победы!
- Всем желаю здоровья. Я очень рад!
98 жастағы Иван Шевцов әскери шеруді сән-салтанатпен қарсы алды. Соғыс ардагері жас сарбаздардың сый-құрметіне алғыс білдірді.
- Спасибо вам большое! Молодцы! Спасибо, ребята!
Жеңісті жақындатуға қасық қаны қалғанша үлес қосқан ержүрек апаларымыздан Семей өңірінде жалғыз Екатерина Краснянская қалды. Ол «Ленинградты қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» және мерекелік медальдармен марапатталған.
Екатерина Краснянская, екінші дүниежүзілік соғыс ардагері:
- Мен Жеңіс күнін Польшада қарсы алдым. Бұл мерекенің мәні мен мағынасы зор. Жастарға денсаулық баянды ғұмыр тілеймін!
Нұрлан Ұранхаев, облыс әкімі:
- Біздің облысымызда 5 соғыс ардагері бар. Бүгін олардың барлығына үйлеріне барып құттықтадық. Мемлекет тарапынан берілетін көмектің барлық түрлерін көрсеттік. Бердік. Жеңістің 79-жылы ертең саябақта гүл шоқтарын қоямыз.
Соғыс ардагерлерінен бөлек өңірдегі 2164 тыл ардагері де біржолғы әлеуметтік көмек алды.
Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов