Соғыстың соңғы солдаты
Ақтөбе облысында сұрапыл соғыс көрген жалғыз ардагер қалды.
Хромтау қаласында тұратын Василий Грецкий жуырда ғана жүз жасқа толды. Украина, Беларусь, Румыния, Польша, Чехословакия, Германия, майдандарында болған. Ерлігі үшін "Қызыл Жұлдыз", екінші дәрежелі "Отан соғысы" ордендерінің иегері.
Беларусь жерінде дүниеге келген қарияның өмірі қиындыққа толы болған. «Әлемдік социализмді құрамыз»,- деп қара халықтың тігерге тұяғын қалдырмай тонаған сталиндік солақай саясаттың зардабын көрді. «Кулак» деп күйе жаққан отбасы Қазақстанға жер аударылғанда ол он жасқа енді толған.
Василий Грецкий, Екінші дүниежүзілік соғысының ардагері:
- Ұжымдастыру кезінде әкем колхозға қашарымызды берді. Он шақты торай болған. Оны да алып кетті. Кейін жер жыртып, дән егетін жылқымызды да аламыз деп келгенде бермей қойған. Жалғыз жабы атымнан айырылсам жанұям аштан өледі деген. Бірақ жандайшаптар әкемнің өзін түрмеге қамап, анамыз бен бізді қудалап жіберді.
Бала күнінен еңбекке ерте араласып, тек 12 жасқа жеткенде әріп таниды. 1942 жылы кәмелетке толған бетте соғысқа аттанған. Алматыда жасақталған кавалериялық корпус құрамында туған жері – Белорусьті басқыншылардан азат етуге қатысыпты. Оқ пен оттың ортасында жүріп Еуропаны түгел адымдап өткен ардагер жеңіс күнін Берлиннің түбінде қарсы алды. Сұрапыл соғыс көрген қария ол күндерді еске алмауға тырысады. Тіпті жас кезінен естелік суреттерді де сақтамаған.
Василий Грецкий, Екінші дүниежүзілік соғысының ардагері:
- Соғыс деген қасірет қайталанбасын. Бейбіт күнде, ашық аспан астында бүгінгідей өмір сүргенге ештеңе жетпейді. Бүгінгі ұрпаққа бақыт пен береке-бірлік тілеймін. Әр үйге бақ қонсын.
Әскер қатарынан тек 1946 жылы босатылған. Қазақ жеріне оралып, теміржолшы атанады. Бұл салада 34 жыл еңбек еткен. Ұдайы дене шынықтыра жүріп, зиянды әдеттерден алшақ болған қария әлі де ширақ.
Наталья Жемчужникова, ардагердің қызы:
- Анам екеуі бір бірін әрдайым қолдап жүретін. Тіпті ас әзірлегенде де анам турап, дайындап берсе, әкем пісіріп жүреді. Қазірдің өзінде көңіл-күйі болса тамақ пісіреді. Әрдайым еңбек етуге әзір. Тыным таппайды.
Жұбайымен бірге 3 бала, 6 немере, 10 шөбере тәрбиелеп өсірген ардагерді аудан тұрғындары ерекше құрметтейді. Үйінен бүгінде қонақ арылмайды. Ғасыр жасаған ақсақал болса, өскелең ұрпаққа ақ батасын беруге әрдайым әзір.
Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов, 24.KZ, Ақтөбе облысы