Қарттар үйіндегі соғыс ардагері
Елордадағы "Шарапат" әлеуметтік қызмет көрсету орталығында ғасыр жасаған ардагер тұрады.
Раиса Сафоничева жеңісті Будапеште қарсы алған. Кейінгі тағдыры Қазақстанмен байланысты болды. Осында ұрпақ өрбітіп, ел дамуына үлес қосты. Қазыналы қарт әлі де тың. Мереке қарсаңында Раиса Сафоничеваға үшінші дәрежелі "Айбын" ордені табысталды.
Раиса Сафоничева, амандық болса, 10 шілдеде 99 жасқа толады. Ресейдің тумасы 1943 жылы соғысқа аттанған. Оған дейін де тыным көрмеді. Әскери зауытта еңбек етті. Ауыр техникаларды күтіп-баптауға ат салысты. Госпитальдарға түскен жаралы сарбаздардың өміріне араша болу үшін донор да болды. Екі жылда 8 келі 150 грамм қан тапсырғаны есінде қалыпты.
Раиса Сафоничева, Екінші дүниежүзілік соғысының ардагері::
- Мен оқып жүргенде алғаш рет қан тапсырдым. Кейін Отанымды қорғауға бел будым. Санитар болсам да, көмегім тисін дедім. Бірақ, жігіттермен тең жүріп, талай жұмысты атқардық. Бәрі мені құрметтейтін. Жеңіске жеткенімізді радиодан естіп білдім. Таңғы 4-те хабарлады. Бөлмеде жалғыз болғам. Бір кезде солдаттар жүгіріп келіп, қуаныштарымен бөлісті. Бұл сәт мәңгі есімнен кетпейді.
Раиса Егоровна майдан шебінде байланысшы болды. Жігерлі жан Украина, Бессарабия, Венгрия, Румынияны жүріп өтті. Жеңіс күнін Будапештте қарсы алды. Кеңес әскері қатарынан 1946 жылы ғана босады. Одан тұрмысқа шығып, тың игеру үшін күйеуімен Ақмола даласына келген.
Әр салада еңбек еткен ол, жолдасы қайтыс болған соң, өз еркімен қарттар үйіне орналасады.
Ардақ Сейітова, "Шарапат" әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры:
- Ол кісі осы "Шарапат" ӘҚКО 2018 жылдан бері тұрып жатыр. Ол кезде ол кісінің тұңғыш қызы Маргарита алып келген болатын. Бұл әжеміз өзі келген болатын.
Қарияның іздеушілері бар. Шөбересі келіп тұрады. Одан бөлек, депутаттар, ардагерлер ұйымдары, волонтерлар да қазыналы қарттың көңілін табуға тырысады. Батасын алады.
Ардақ Сейітова, "Шарапат" әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры:
- Қызы қайтыс болды. Қызының қазасы бұл кісіге қатты тиді. Содан кейін бұл кісі төсек тартып жатып, кейіннен коляскаға отыра бастады. Бірақ бұл кісі өмірге сүйіспеншілікпен қарайтын адамдардың бірі. Ешнәрсеге қарамастан, қайратының арқасында өмір сүріп келеді. Қатты дерті жанына батқан күннің өзінде басқалардың ауырмауын, ары қарай алға жылжуды сұрап отырады.
Раиса Сафоничева екінші дәрежелі ҰОС орденімен марапатталған. Украинаны, Будапештті азат еткені еленді, бейбіт заманда "Ерен еңбегі үшін" бағаланды.
Айтуған Күзербаев, ҚР Ауғанстан және қорғаныс ардагерлері одағы төрағасының орынбасары:
- 7 ардегеріміз қалды деп отыр қазір. Соның бірі осы «Шарапат» қарттар үйінде тұрады. Ол кісі Сафоничева Раиса Егоровна. Бұл кісіге біз жылда барып тұрамыз. Осы қарттар үйінде осындай қайырымдылық акцияларын өткізіп тұрамыз. Мерекеге байланысты.
Раиса Сафоничева жеңістің 80 жылдығын ғасырлық тойымен тұспа-тұс келетінін тебірене айтады. Қазір "Шарапат" әлеуметтік қызмет көрсету орталығында Раиса Сафоничевадан бөлек 14 тыл еңбеккері тұрып жатыр. Барлығы мемлекет қамқорлығында.
Мерей Мұратханқызы, Өрден Жарқын, 24.KZ