Қариялар азайып бара жатыр...

Жыл сайын Жеңіс күні қарсаңында Павлодардың Қылмыстық атқару жүйесі ардагерлерге тосын сый әзірлейді.

Бұл жолы олар тыл еңбеккерінің ауласына солдат ботқасын апарды. Балалық шағын соғыс ұрлаған ардақты жандардың құрметіне әскери әндер де шырқалды.

Хасан Сафаров – соғыс басталғанда 8-9 жастағы ойын баласы екен. Бұғанасы бекімей ауыр жұмысқа жегілген ол ешқашан қиындыққа мойымапты. Әйтсе де ұлы Наиль Сафаров әкем бала кезіндегі кейбір оқиғалардың түсіне жиі кіре беретін айтып отырады дейді.

Наиль Сафаров, ұлы:

- Ылғи нанның кезегінде тұрған сәті түсіне кіретінін айтады. Енді алайын деп жатқанда нан бітіп қалады. Артынан дәл осы оқиға тағы қайталанады. Кезегі жетіп нанды ала бергенде дүкен жабылып қалады. Мен мұны соғыс кезінде жүйкесіне түскен сызат деп ойлаймын. Ол өмір бойы мазалап келеді.

Хасан Сафаров – Ресейдің Омбы облысында туып-өскен. Әскери борышын Австрия аумағында, авиация саласында өтепті. Саналы ғұмырын қылмыстық атқару жүйесіне арнады.

Осы саланың тағы бір ардагері – Виктор Алеутдинов. Ол «Ішкі істер саласының үздігі», «Мінсіз қызметі үшін» берілетін барлық үш дәрежелі медальдің иегері. Отыз жылдай құқық қорғау саласында қызмет атқарған. Жасы тоқсаннан асқан қария әлі тың.

Соғыс қаһармандары үшін Жеңіс күні ең қастерлі мереке. Қылмыстық атқару жүйесі ардагерді құрметтей отырып, кейінгі буынға олардың қайтпас қайсарлығын үлгі етеді. 

Мақсат Әшімов, Қылмыстық атқару жүйесі Павлодар облысы бойынша департаменті бастығының м.а.:

- Бізде үш тыл ардагері қалды. Оның екеуі осы жерде қазір бізбен бірге отыр. Біреуі ауырып, шыға алмай қалды. Қазір осы өткізген мерекеден кейін сол кісінің үйіне барып құттықтаймыз. Ең үлкені – тоқсанда. Биыл ақпан айында келіп құттықтап, 90 жылдық мерейтойын тойладық. Енді осы ардагерлерімізге тек зор денсаулық тілейміз.

Жалпы Павлодар облысы бойынша көзі тірі 7 соғыс ардагері қалды. Биыл олардың жеке шоттарына 2 миллион теңгенің бір реттік сыйақысы аударылды. Бұған қоса Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектеріне теңестірілген ардагерлер және тыл еңбеккерлері яғни жалпы саны 3,5 мыңдай азаматқа 40 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көмек көрсетілді.

Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, 24.KZ, Павлодар