Жеңіс күні. Қызылордада 4 майдангер қалған

Қызылордада «Тағзым» алаңында мәңгілік алауға гүл қою рәсімі өтті. Шараға ардагерлер, әскери құрылымдар, қоғамдық ұйым өкілдері мен өңір тұрғындары қатысты.

Екінші дүниежүзілік соғысқа Сыр өңірінен 70 мыңдай сарбаз аттанды. Оның 30 мыңға жуығы майдан даласынан оралған жоқ.

Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсімін облыс әкімі мен ардегерлер бастады. «Тағзым» алаңына жиналғандар боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

- Бүгінгі бейбіт өміріміз үшін күрескен ардақты ардагерлермізге біз құрмет көрсетуге әрқашан дайынбыз. Сіздердің қан майданда қаһармандықпен көрсеткен ерліктеріңізді ұрпақтарыңыз ешқашан ұмытпайды, әрқашан мақтан тұтады.

Сұрапыл соғыс жылдары Сыр елінің 21 азаматы Кеңес Одағының батыры атанды. 20 мың қызылордалық жауангер қан майдандағы ерлігі үшін орден, медальдармен марапатталды. Сыр жұртшылығымен бірге өңірдегі барлық күштік құрылым сарбаздары да бейбіт күнді сыйлаған батырлар рухына тағзым етті.

Райымбек Шоқатаев, тыл ардагері:

- Соғысқа кеткен адамдардың орнын жоқтатқан жоқпыз. Жаспыз деген жоқпыз, баламыз, басқамыз деген жоқпыз, еркелік те, балалық та бәрі қалды жайына. Біз үлкендермен бірдей жұмыс істедік.

Жеңістің 79-көктемін облыс бойынша ғасыр жасаған 4 майдангер қарсы алып отыр. Биыл соғыс ардагерлеріне 2,5 миллион теңге көлемінде бір реттік қаржылай әлеуметтік жәрдем берілді.

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев, «24.KZ», Қызылорда