Жеңіс күні. Шымкентте екі-ақ майдангер қалған

Шымкентте Жеңіс күнін жақындатқан соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетілді.

Бір топ белсенді мереке қарсаңында қарт майдангерлердің үйіне барып, ән шырқап, ерлігін көпке үлгі етті.

Соғыста ерлікпен көзге түскен батырлардың бірі – Мұраталы Төлепбергенұлы. Бейбіт елдің бүгінгі ұрпағы жеңіс сыйлаған майдангерге сый-құрмет көрсетті. Мереке қарсаңында мерейін үстем етіп, иығына шапан жапты.

Ардагер 99-ға келсе де қарттыққа бой алдырған жоқ. Ойы жинақы, сөз саптауы жақсы. Салауатты өмір салтын ұстанғандықтан әлі тың. Құтты болсын айтып келгендердің ықыласын жоғары бағалап, өзі қарсы алды. Ақ батасын беріп, амандығын тіледі.

Нина Мосунова 18 жасында әскер қатарына өз еркімен аттанып, Можайск маңындағы айқасқа қатысқан. «Зенит» бригадасында радистер бөлімінің командирі болды. Зұлмат заманды еске алып, ескі жараның бетін тырнағысы келмейді. Егемен елдің еңсесін биік ұстайтын жастарды бірлікке үндейді.

Нина Мосунова, Екінші дүниежүзілік соғысының ардагері:

- Біріншіден, бейбіт өмірдің маңызын ұғыну керек. Жастарға ауырмай-сырқамай аман жүру үшін денсаулықты сақтаңдар дегім келеді. Өз басым үнемі белсенді өмір салтын ұстанып, аптасына бір рет ораза ұстаймын. Бау-бақшаны күтіп, қимыл-қозғалыста болғанды қолдаймын. Кейінгі ұрпағымыз да еңбекқор, отансүйгіш болсын!

Қазір соғыс ардагерлерінің қатары азайса да, оларға көрсетілер құрмет артпаса кеміген жоқ. Оларға ұдайы медициналық тексерулер мен емдік-сауықтыру курстары жоспарлы түрде жүргізіледі. Тыл еңбеккерлерінің жағдайы да қоғам назарынан тыс қалған емес.

Бахадыр Нарымбетов, "AMANAT" партиясы қалалық филиалының төрағасы:

- «Аманат» партиясының «Жастар рухы» арнайы жоспар жасап, тазалық жұмыстарын, бояу, шатырларын қарап беруге барып жатады. Одан бөлек бізде Собезден арнайы бекітілген азаматтар бар. Ардагерлеріміздің көңіл күйі, денсаулығы, олардың емделуі, санаториялық емдеуге көбірек мән беріліп отыр.

Шымкентте Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 2 ардагер ғана тұрады. Қарт майдангерлер жастардың білім мен ғылымда, спорт пен мәдениет саласында биік тұғырдан көрінгенін қалайды.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, 24.KZ, Шымкент