Ұлытау облысында 487 тыл ардагері бар
Ұлытау облысында соғысқа қатысқан бірде-бір ардагер қалмады. Жыл санап тыл еңбеккерлерінің де қатары сиреп барады.
Солардың бірі – Мәрзия Жездібаева. Өрімдей шағында майдандағы жауынгерлерге арнап пима мен қолғап тіккен. Соғыстан кейін сот, құқық қорғау салаларында еңбек етті. Жасы 90-ға қараған ардагер: «Жеңіс күні – соғыс кезінде тылда бел жазбай еңбек еткен жандардың да мерекесі», –дейді.
Соғыс басталғанда Мәрзия апа 7 жастағы бала еді. «Барлығы майдан үшін» деген ұран бұғанасы қатпаған балаларды да еңбекке ерте жекті. Мәрзия Жездібаева қатарластары секілді жауынгерлерге арнап шұлық пен қолғап тоқыды.
Мәрзия Жездібаева, тыл ардагері:
- Соғысқа жібереді. Ол соғыстың қайда болып жатқанын да түсінбейміз. Алып кетеді, рақмет айтып. Көп тоқысақ қуанады. Бір жері дұрыс болмаса ұрысады.
Еңбекпен ерте есейген Мәрзия Жездібаева 16 жасында тұрмыс құрды. 9 құрсақ көтерген ана соғыстан кейін де еңбектен қол үзбеген. Сол кездегі Жезқазған кентіндегі аудандық сотта, ішкі істер бөлімінде істеді. Кейін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында жетекші қызметте болды.
Мәрзия Жездібаева, тыл ардагері:
- Енді соғыс болмасын. Кейінгі жастар аман болсын. Елімізде тыныштық болсын.
Рахима Қожақова, қызы:
- 2-3 жыл болып қалды, әйтпесе бәрін өзі істейтін. Көршілер де куә ғой. Ерінбей, кез келген жақсы материал болса, ұнап тұрса, қолдан-ақ тігіп, өзі киіп алатын. Кәрілік қой. Аяғы бар, сол ойлаймын, жас кезінде суықта жүргендікі ме?
Ұлытау облысында Екінші дүниежүзілік соғысының ардагері қалмады. Мәрзия Жездібаева секілді жеңісті жақындатуға сеп болған 487 тыл ардагері бар. Жанқиярлық еңбектің үлгісі болғандар қандай құрметке де лайық. Биыл осы санаттағы кісілерге бірреттік көмек көрсетуге 50 млн теңге бөлінді.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев.