Павлодардың «Майдан жолы» әскери жасағына 15 жыл

Павлодардың «Майдан жолы» әскери іздестіру жасағының құрылғанына биыл 15 жыл, деп хабарлайды 24KZ.

Бұл ұйым жыл сайын зұлмат жылдары қанды шайқастар болған жерлерге барып, қазба жұмыстарын жүргізеді. Қазақстандық жауынгерлердің сүйегін тауып, боздақтардың есімін жаңғыртып жүр. Әскери іздестіру жасағының 15 жылдығына орай өңірде патриоттық шаралар басталды. Алғашқы кездесу көркемсурет мектебінде өтті. Соғыс тақырыбын қамтығын үздік туындылар «Майдан жолы» әскери іздестіру жасағының музей қорына алынды.

«Майдан жолы» әскери іздестіру жасағы мектеп оқушыларымен кездесулерді жиі өткізіп тұрады. Бұл жолы дәстүрлі шараның мазмұны өзгерген. Ұйым мүшелері жас суретшілермен әріптестік орнату үшін меморандумға қол қойды.

Байқау жас қылқалам шеберлеріне шабыт сыйлады. Соғыс тақырыбын қамту үшін олар тарихи деректермен танысқан. Мерей Қайырболат соғыс кезінде Т-34 танк жасағының мүшелері толығымен қазақ қыздарынан құрылғанын біледі. Бұл фашизмге қарсы күрескен қыздардың жалғыз танк экипажы еді.

Мерей Қайырболат, байқауға қатысушы:

- Олардың батылдығы маған қатты әсер етті. Шабытыма шабыт қосты. Кеудемді мақтаныш сезімі кернеді. Қазақтың қайсар қыздарының ерлігіне тәнті болдым.

Экспозицияға 65 туынды енген. Әр суреттен автордың ойы мен алған әсерін аңғаруға болады. Қазылар алқасының өзі таңдау жасаудың қиынға түскенін айтып жатты.

Инна Масленникова, балалар көркемсурет мектебі директорының орынбасары:

- Әрине, бізді бұл суреттер мазмұнымен таңғалдырды. Тақырып өте жақсы ашылған. Екінші дүниежүзілік соғыс туралы балалар көп біле қоймайды ғой. Соған қарамастан шығармашылық иелері оны жан-тәнімен сезінген. Мұғалімдердің ең маңызды сәттерді шебер жеткізгені байқалады.

«Майдан жолы» іздестіру жасағының жауынгерлерімен арадағы ынтымақтастық балаларға соғыс жылдарының тарихын зерттеуге мүмкіндік береді. Жасақ командирі Александр Шитов хабар-ошарсыз кеткендерді іздеу туралы соңғы жаңалықтармен бөліседі. Жуырда ол із-түзсіз кеткен Әбдікәрім Өмірзақовтың туыстарына іздеу салған. Бауырластар зиратынан Кеңес жауынгерінің медалі табылыпты.

Александр Шитов, «Майдан жолы» әскери іздестіру жасағының командирі:

- Балалар 9 мамырға қатардағы мереке немесе күнтізбедегі қызыл күн деп қарамауы керек. Жеңіс оңайлықпен келмеді. Көптеген адамдардың қаны төгілді. Батырларымыздың ерлігімен бейбіт күн туды. Оқушылар соғыс тақырыбын терең зерттейді. Бұл қаншалықты қиын ұғым екенін түсінеді.

15 жыл ішінде «Майдан жолы» жасағы із-түзсіз жоғалған 305 жауынгер туралы деректерді анықтаған. 7 сарбаздың сүйегін туған жеріне әкеліп, жер қойнына тапсырды. Қазақстандық батырлардың есімін ұлықтау үшін 25 ескерткіш орнатты. Жақында Беларусьте Кеңес Одағының батыры Михаил Катаевтың бюсті пайда болады. Жерлесіміз Гомель түбіндегі ауыр шайқастарда ерлікпен қаза тапқан.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев.