Алматылықтар батырларды еске алды

Алматыда ұлы Жеңістің 79 жылдығы атап өтілді, деп хабарлайды 24KZ.

Негізгі мерекелік іс-шара 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта өтті. Соғыс ардагерлері мен қала тұрғындары Мәңгілік алауға гүл қойып, соғыста шейіт болған ерлерді еске алды.

Алматыда Екінші дүниежүзілік соғыстың 43 ардагері тұрады. Жеңіс күнінде ардагерлермен бірге тыл еңбеккерлері, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының өкілдері, қоғам қайраткерлері  майданда қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерге арналған Даңқ мемориалына гүл шоқтарын қойды.

Қадыржан Шашайұлы, ҰОС ардагері:

- Құдай көсегелерің көгеріп, өсіп-өніп, өркен жайып, ұрпақты болыңдар. Бала-шағаларыңа, еліңе бейбіт өмір берсін. Құдай тілеген тілеуді Алла қабыл етсін.

Сондай-ақ қала тұрғындары Бауыржан Момышұлы монументіне, Талғат Бигелдинов пен Сағадат Нұрмағамбетов мемориалдық тақтасына және «Отан үшін шайқаста қаза тапқан батырларға мәңгілік даңқ» ескеркіткіштері  алдына жиналып, батырлар рухына тағзым етті.

Гүлшара Мырзағали, қала тұрғыны:

- Біздің үлкен аталарымыз болмаса, бұл Жеңіс күні болмас еді. Аталарымызға мың да бір тағзым етеміз. Бейбітшілік жасасын.

Серік Мұхаметалин, қала тұрғыны:

- Біздің елімізде, Тәуелсіз Қазақстанда солғыс болмасын. Тек қана бейбітшілік болсын. Барлығына бақыт, бала-шағаларының қызығын көріп, өмірбақи бейбітшілікте, тәуелсіздікте ұзақ ғұмыр кешейік.

28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта қала тұрғындары мен қонақтары үшін мерекелік концерт өтіп, майдан әндері шырқалды.

Авторлары: А.Садуақас. Р.Жақыпов.