Түркістан өңірінің ардагерлеріне 1,5 млн теңгеден берілді
Түркістандықтар Жеңіс күнін «Жеңіс» саябағында атап өтті, деп хабарлайды 24KZ.
Мерекелік шараға соғыс және тыл ардагерлері, әскерилер, жастар мен қала тұрғындары қатысты. Жиналғандар ел азаматтары ескерткішке гүл қойды. Аға буын Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі аталарымыздың ерлігі мен еңбегі өскелең ұрпақ үшін отаншылдықтың озық үлгісі екенін айтты. Тылда еңкейген қария мен балалардың өзі күндіз-түні еңбек етіп, жеңісті жақындатты. Оңтүстіктен майданға 140 мыңнан астам адам аттанып, тең жартысы шейіт болды. Оның ішінде 51 жауынгер Кеңес Одағының Батыры, 8 майдангер «Даңқ» орденінің иегері атанды.
Бүгінде өңірде Екінші дүниежүзілік соғыстың 11 ардагері бар. Оларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп отыр. Жеңіс мерекесінің құрметіне әрқайсысына 1,5 млн теңгеден берілді. Бұған қоса 3600-ден астам тыл еңбеккерлеріне қаржылай көмек көрсетілді.
Аман Әбілдаев, тыл ардагері:
- Қиыншылықты көп көрдік. Әкем мен ағам соғысқа кетті. Ағам Польшада қайтыс болды. Әкем 50-ші жылы мүгедек болып елге оралды. Ешқандай жұмысқа жарамады. Өзім бас болып жұмыс істедім. 12 жасымда трактор айдадым мақтаның ішінде. 28 немерем, 37 шөберем, 1 шөпшегім бар.
Өтепберген Қуанышбаев, тыл ардагері:
- Сол кезде 4-сыныпта оқитын едім. Соғыстың қиыншылығын көрдік. Жұмысшыларға нан, су тасыдық. Малға қарадық, масақ тердік. Қиыншылықты көрсек те, мықты болып өстік. Келешек жастарға үлгі болуға, соларды тәрбиелеуге күш-жігеріміз жеткенше еңбек етіп жатырмыз.