Талдықорғандағы әскери әуе базасына батыр есімі берілді
Талдықорғандағы әскери әуе базасына екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Сергей Луганскийдің есімі берілді.
Салтанатты шараға көпшілікпен қатар еліміздің Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов, Халық қаһармандары Тоқтар Әубәкіров пен Айдын Айымбетов, Парламент Мәжілісінің депутаттары қатысты. Соғыс ардагерінің есімін ұлықтауды Мемлекет басшысы Атыраудағы үшінші Ұлттық құрылтайда тапсырған болатын.
Талдықорғандағы 21751 әскери бөлімінің алдына даңқты ұшқыштың бюсті орнатылды. Ескерткіштің ашылу салтанатына жиналған көпшілік батырдың ерлігіне құрмет көрсетіп, рухына тағзым етті.
Тоқтар Әубәкіров, Халық қаһарманы:
- Екі мәрте батыр атындағы Луганский атындағы ұшқыштар ең мықты Қазақстандағы ұшқыш болады. Сонымен баршаңызды бүгінгі мереке тоймен құттықтаймын. Мына шара жақсы өтіп жатыр.
Сергей Луганский Алматыда дүниеге келген. Соғыс кезінде ол 390 рет аспанда ұрыс жүргізіп, жаудың 40 шақты ұшағын құлатқан. Украина мен Польша аумағын жаудан азат етуге қатысты. Отты жылдардағы аға буынның батырлығы мен шеберлігін еліміздің Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов ерекше атап өтті.
Талдықорған әуе базасы – еліміздегі ең үздік әскери бөлімдердің бірі. Мұндағы ұшқыштар СУ 30 көпфункциялы жойғыш ұшағымен халықаралық деңгейдегі оқу-жаттығуларға тұрақты түрде қатысып тұрады. Зеңгір көктің сақшылары енді батырдың ерлігімен отаншылдық рухта тәрбиеленеді.
Вячеслав Чабанов, 21751 әскери бөлімінің ұшқышы:
- Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Сергей Данилович Луганскийдің көптеген ерліктері бар енді. Ең жасағаны екі таран болды. Таран деген өз жанын аямай, ұшақты өзі жаудың ұшағына жіберіп, өзі катапульта жасап, соның арқасында елеулі оқиғалар болды. Ел үшін ерлік жасаған, ерлік ешқашан ұмытылмас. Батырларымыз мәңгі жасасын.
Әскери бөлім 1970 жылы құрылған. Содан бері ұшқыштар еліміздің көк аспанын кірпік қақпай күзетіп келеді.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов.