Тасқын салдарын жоюға атсалысқандар Алматы облысына оралды

Батыс Қазақстан облысындағы су тасқыны салдарын жоюға атсалысқан ондаған азамат Алматы облысына оралды, деп хабарлайды 24KZ.

Олардың ішінде құтқарушылар, жүргізушілер мен еріктілер бар. Бейбіт заманның қаһармандарын тұрғындар құшақ жая қарсы алды.

Оралдан шыққан пойыз 3 күн жүріп, Алматы-1 станциясына да жетті. Бір ай бойы үй көрмей жақындарын сағынған бұл жігіттер – жеке басының шаруасын ысырып қойып, ел батысындағы ағайынға дереу көмекке аттанған өрендер. Алматыға орала салысымен тұрғындардың ерекше құрметіне бөленіп жатыр.

Елдар Исаев, Талғар ауданының самосвал жүргізушісі:

- Ақжайық ауданы Чапай ауылына бардық. Дамба салып, судың алдын алдық. Облыс пен аудан әкімдерімен бірге жүрдік. Жақсы қабылдады.

Су басқан өңірлерге облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері көмек қолын созды. Игі іске жергілікті кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары және тұрғындарға дейін атсалысып, жан-жақты қолдау көрсетті. Делегацияны басқарған Алматы облысы әкімінің орынбасары Алмас Батанов маңызды миссияның қатысушыларына алғыс айтты.

Алмас Батанов, облыс әкімінің орынбасары:

- Қазір марапатпен қарсы алып жатырмыз. Бұлар – бейбіт өмірдегі батырлар. Олар өздері атсалысты. Өздері ынтасын көрсетті. Барлықтарына рақмет.

Естеріңізде болса, сәуір айының ортасында Алматы облысы Батыс Қазақстанға жүк көліктері мен экскаваторларды қоса алғанда 171 бірлік техника, 50 әскери қызметкер мен құтқарушылар, сондай-ақ 15 волонтёрдан құралған жасақ жіберді. Барлығы өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарды.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, өңірдегі әріптестердің көмегімен.