Өскеменде шырақ жағу акциясы өтіп жатыр. LIVE
Өскеменде ерекше акция өтіп жатыр. Мыңдаған адам Даңқ мемориалына жиналып, майдан даласында қаза тапқан батырларды еске алып жатыр.
Соғыстан оралмаған әр азамат үшін, әр отбасын шарпыған қайғы мұң үшін шырақ жағылды.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Жеңіс мейрамы құтты болсын! Шырақ жағу акциясы – Өскеменде осы мамыр мерекесінде жыл сайын өтетін дәстүрлі акция. 25-30 жылдық тарихы бар патриоттық шара. Қала өміріне сіңісіп кеткені сонша, халық та асыға күтеді. Мінеки, өздеріңіз көріп тұрғандай, Ертіс жағасындағы Даңқ мемориалында тұрмыз. Сағат 8-де басталған шараға ағылған халық көп. Бәрінің қолында шырақ бар. Айта кетейік бұл жерге 7 100 данадан астам шырақ қойылады. Неге десеңіздер, деректерге сүйенсек, осынша шығысқазақстандық азамат майдан даласынан оралмаған. Жалпы әр қазақстандық сол соғыстың жеңіспен аяқталуына теңдессіз үлес қосты. Әрбір 10 оқтың 9-ы біздің елімізден шыққан қорғасыннан құйылды. Әр үйдің үкілеген үміті оқ пен от ортасына аттанды және көпшілігі аман оралмады. Бүгін акция – сол азаматтарды еске алу, сол арқылы ұрпаққа өнеге көрсету. Енді бұл жердегі аура, атомосфера керемет, қатты ән-жыр, у-шу жоқ. Осы бір үнсіздіктің өзі адамға ерекше әсер етеді екен.
Гүлмира Бекбаева, Өскемен қаласының тұрғыны:
- Екінші дүниежүзілік соғыс өзіме қымбат екі адамның есімімен байланысты. Олардың бірі – әкем, бірі – атам. Осында сол кісілерге деген алғысымды білдіру үшін келдім. Мына акцияға салт немесе дәстүр деп қарамау керек, бұл акция – өткенге құрмет, тағзым. Соғыс даласынан қаншама азамат оралмады, қаншама отбасының шырағы сөнді. Енді ондай болмасын, ұрпақ бақытты болсын деймін.
Иә, ардагерлер азайып бара жатыр. Облыста бүгінгі Жеңіс мерекесін 14 соғыс ардагері ғана қарсы алды. Олардың ешқайсысы ұмыт қалған жоқ, әрбіріне құрмет, қошемет көрсетілді. Өйткені майдангерлер соған лайық!