Ақтөбе облысында ардагерге ерекше құрмет көрсетілді

Соғыс ардагері Василий Грецкийдің пәтеріне күрделі жөндеу жасалады.

Ақсақал қан майдан көрген Ақтөбе облысындағы соңғы жауынгер. Хромтау қаласының тұрғыны биыл 100 жасқа келді. Жеңіс күні қарияны өңір басшысы Асхат Шахаров құттықтап барып, ел Президентінің жылы лебізін жеткізді. 

Жеңіс күні Хромтау қаласында биыл ерекше тойланды. Батырлар саябағындағы еске алу шарасынан бөлек мерекелік көңіл-күй Василий Грецкий тұратын үйдің алдында ұйымдастырылды. Оқушылар сап түзеп ардагерге құрмет көрсетсе, әскери оркестр соғыс әндерін орындады. 

Василий Грецкий соғысқа 1942 жылы аттанып, алғашқы ұрыста туған жері Беларусьті басқыншылардан азат етті. Жеңісті Берлиннің іргесінде қарсы алған ардагер «Қызыл жұлдыз» және II дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен марапатталған.

Асхат Шахаров, облыс әкімі:

- Өшпес жасаған ерліктер жадымызда. Оны біз ұмытпаймыз. Сондықтан бүгінгі ұлы жеңіс баршамызға ерекше күн. Мен шын жүректен осы барша жиналған қауымды құттықтаймын.

Қан майданға Ақтөбе жерінен 122 мыңнан астам адам аттанды. Олардың 36 мыңы қаза болды. 35 ақтөбелік Кеңес Одағының Батыры атанды. Тоғыз жауынгер «Даңқ» орденінің толық кавалері. Өңірде соғыс оты шарпымаған отбасы кемде-кем.

Рашид Ахмеджанов, қала тұрғыны:

- Менің жанұямда 3 ардагер болған. Әкем мен ағам және әпкем қатысты. Немере ағам соғыстан оралмады. Ленинград фронтында қаза болды. Әпкем болса госпитальде жарақат алғандарды емдеген. Ал әкем СМЕРШ қатарында қызмет етті. Рыбинск қаласында Әлия Молдағұловамен бірге болған. Соғыстан кейін елге оралып, Ойылда еңбек етті.

Жеңіс күні қарсаңында облыс тұрғындары фашизмді тойтарған жандарды еске алып, батырлар ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Мансұр Есқожин, Айбек Даутов