М. Тынышбайұлының туғанына 145 жыл

Бүгін – қазақтың көрнекті саяси және қоғам қайраткері, Алаш қозғалысының негізін салушылардың бірі Мұхамеджан Тынышбайұлының туған күні.

Қазақтан шыққан тұңғыш теміржол инженерінің 145 жылдығы – ел үшін айтулы дата. Ал зерттеуші ғалымдар: «Мұхамеджан Тынышбайұлының әлі де ашылмаған қырлары бар», – дейді. Біртуар тұлғаның тарих беттеріне жазылған еңбектеріне тілшіміз шолу жасап көрді.

Бала Мұхамеджан Верный қаласындағы ерлер гимназиясын үздік тәмамдап, Петербордағы бірінші Александр атындағы жол қатынасы инженерлері институтына оқуға түседі. Сол ортада жүріп алдағы ғұмыры мен қызметіне тікелей әсер ететін тұлғалармен танысады. Қазақтан шыққан жас зиялылармен араласып, жас маман ретінде теміржол саласындағы алғашқы тәжірибесін бастайды.

Берік Айтбеков, Құрметті теміржолшы:

- 1904 жылы сіздерге белгілі Уральск Ақтөбе, Қызылорда, Ақмешіт деген жер бар, Ташкент, сол жол салынып жатты. Сол салынуына «практикаға» сол жерге келіп жүреді. Теміржолдың бойына топырақ үйіндісінен бастап салуға қатысады. Ең алғашқы негізін қалайды. Кейін Орталық Азияда теміржол салу жобаларына қатыса бастайды. Қарапайым механиктен бастап, бас инженер қызметіне дейін көтеріледі. Шыңдалып, қазақтың баласы сондай дәрежеге жетеді.

Қазақтың тұңғыш теміржол инженері кәсіби біліктілігімен ерекшеленді. Түркістан-Сібір теміржолының құрылысына қосқан еңбегі ерен. Ол экономиканы дамыту үшін жол қатынасын дамытудың маңыздылығын ұғынды. Әрі есеп-қисапқа жақын болды.

Берік Айтбеков, Құрметті теміржолшы:

- Ол кезде Кеңес үкіметінде «пятилетка» деген болатын. Сол «пятилетканың» жобасына біздің М. Тынышбайұлын шақырады жобасына. Сол шақырған кезде бір қызығы, бірінші жобасы Алматыдан автожол бойымен Бішкекке бір-ақ тарту болды. Бірақ біздің ағамыз, қазақша айтайын, «есеп білмеген есек» деп есептеп, Шоқпар асуынан Шуға қарай жолды есебін есептейді. Ол деген нәрсе, мен ұмытпасам, 16 метрлік деңгей дейді «подъем».

Тарихшы Ержан Шағимолдин 15 жылға жуық уақыт Алаш қозғалысы жайында зерттеп жүр. Алаш қайраткерлерінің ерлігі қазақ қоғамында үлкен ренессанс туғызғанын айтады. 1916 жылы Николай патшаның халықты тыл жұмыстарына жаппай мобилизациялау туралы жарлығы көтеріліске әкелсе, Мұхамеджан Тынышбайұлы елдікті сақтаудың амалын ойлайды. Озық ойлы демократ бойындағы жетекшілік қасиетінің арқасында талай шешуші сәтте елтұтқа бола білді.

Ержан Шағимолдин, тарихшы:

- Зерттеулерде, М. Қойгелдиев өзінің «Алаш қозғалысы» деген еңбегінде өте жақсы атап көрсеткен. 1916 ж. көтеріліс кезінде мемлекеттің лауазымды тұлғаларының алдында халықтың шынайы жағдайын көтере білген, айта білген тұлға дейді. Екіншіден, сол жағдайды жергілікті халықтың, ол жердегі қазақтың, қырғыздың, өзбектің жағдайларымен толыққанды таныс және беделі де өте жоғары тұлға ретінде атап көрсетеді. Өте демократ адам болған.

1917 жылы Ресей империиясының патшасы құлатылғаннан кейін қалыптасқан ахуалды бағалай келе, қазақ зиялылары мен саясаткерлері 1917 жылдың маусымында Орынборда бірінші бүкілқазақ съезін өткізіп, «Алаш» партиясының құрылатындығы жариялады. Ал 1918 жылы бүкілтүркістандық IV мұсылмандар съезі өтіп, Мұхамеджан Тынышбайұлы Түркістан автономиясының премьер-министрі болып сайланады.

Ержан Шағимолдин, тарихшы:

- Мұхамеджан Тынышбайұлының көптеген қырлары ашылмай жатыр. Мұрағат құжаттарын қарайтын болсақ, мысалы, 1919 жылы Әлихан Бөкейханұлы қатты науқастанып қалған көрінеді. Міне, сол кезде өзінің орнына М. Тынышбайұлының қызмет атқаруына сеніп тапсырған көрінеді. Осының өзінен-ақ, ол біз қазір айтып жүргендей, Түркістан автономиясының төрағасы ғана емес, қазіргі кездегі Алаш Орда үкіметінің белгілі бір дәрежеде атқарушы қызметтерін атқарған. Бұл, әрине, қазір өте сирек айтылады.

ХХ ғасырдағы қоғамының түбегейлі өзгеруіне әкелген Алаш қайраткерінің ағартушылық, саяси бағыттардағы рөлі айқын. Айтулы тұлға Мұхамеджан Тынышбайұлы – тарихшы-ғалым және қазақтан шыққан тұңғыш инженер-теміржолшы.

Өткен ғасырдың жаңғырығы бүгінде мұражай жәдігері боп сақтаулы тұр. Теміржол көлігіне арналған орталық музейде Мұхамеджан Тынышбайұлына арналған галерея бар.

Ақмарал Молдаш, ҚТЖ орталық музейінің меңгерушісі

- Жиен немересі М. Тынышбаев атындағы фондты басқарып отыр. Сол кісімен келісе келе дейді ғой ашылған галерея. Барлық суреттерді сол кісімен ізденіп тапқанбыз. Профессор Жүгінісова да көмектескен. Теміржолшылар осы монументті ашуға үлесін қосқан және галереяда М. Тынышбаевтың Гүлбахрам деген ең бірінші әйелімен сурет бар. 

Берік Айтбеков, Құрметті теміржолшы:

- Біз экономиканы көтеру үшін біздің Президентіміз айтып еді «теміржол Қазақстан экономикасының күретамыры» деп. Ол шындығында солай. Бүгінгі таңда сол Түрксіб жолынан Қытайға шығып жатырмыз. Сол кездегі инженерлердің еңбегі. Олар нақты есептеп 50-60 жылда не болатынын есептеп қойған адамның бірі М. Тынышбаев.

Алайда кәсіби қызметінің соңы солақай саясаттың қудалауымен аяқталды. 1933 жылы Воронежге жер аударылса, 1937 жылы күзде қайта тұтқындалып, Ташкент түрмесінде «халық жауы» деген айыппен ату жазасына кесілді. Мұхамеджан Тынышбаев 1959 жылы Қазақ КСР-ы Жоғарғы сотының, 1970 жылы КСРО прокуратурасы мен Түркістан әскери округы прокурорының шешімімен ақталды.

Авторлары: Рухани Асқар, Ербол Дайыров, Мерей Талап.