Қостанай облысының қос ауданында 68 баспана бой көтермек

Қостанай облысының Аманкелді, Жангелдин аудандарында тасқыннан зардап шеккендер үшін жеке үйлердің құрылысы жүріп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Қос ауданда алдағы бірер айда 68 баспана бой көтермек. Одан бөлек, Қостанай, Арқалық қаласындағы көпқабатты үйлерден 115 пәтер сатып алынған. Қиындықты еңсеруге кәсіпкерлер қаншалықты үлес қосты?

Табиғи апаттан зардап шеккендерді баспанамен қамтуда бизнес өкілдерінің көмегі ерен. Мысалы, қазір беріліп отырған 115 пәтердің 84-і жеке компаниялардың қаржысына алынып отыр. Көңілі қаяу жандарға қолұшын созғандардың бірі – қостанайлық кәсіпкер Бауыржан Карамакин. Ол облыс орталығында өз салып жатқан Меңдіқара шағын ауданындағы жаңа үйден 10 пәтерді баспанасыз қалған отбасыларға ұсынып отыр.

Айта кетелік, бұл құрылыс компаниясы өткен жылы Әулиекөл ауданында орман өртінен барынан айырылған ағайынға 36 үй салып берген.

Нұрбек Темірбек, құрылыс компаниясының өкілі:

- Зардап шеккен отбасыларға компаниямыздың атынан 10 пәтер сыйға тартып отырмыз. Пәтерлер 36, 40 шаршы метрден құралған. Көлемдері ауқымды, ыңғайлы. Дайын пәтерлер. Осынау қиын кезеңде бір ел болып, көмек беру әрбір азаматтың міндеті деп ойлаймыз. 

Ал Аманкелді мен Жанкелдин аудандарында «Қазақстан халқына» қайырымдылық қорының қаржылай қолдауымен 68 үйдің құрылысы басталды. Одан бөлек, Арқалық қаласында тағы бір отандық компания 50 пәтерлік көпқабатты үй салғалы жатыр. Бұл баспаналар да оңтүстік аудандарда тасқын салдарынан  үйсіз-күйсіз қалған отбасыларға берілмек.

Лидия Беленко, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:

- Құрылыс аяқталғаннан кейін үйлердің барлығы бастапқыда коммуналдық  тұрғын үй қорына тапсырылады. Заңға сәйкес тұрғындар баспанамен қамту жөнінде өтініш беруі тиіс. Оны арнайы комиссия қарап, тиісті шешім шығарады. Сосын жаңа үйлер тұрғындардың жекеменшік иелігіне өтеді.

Өңірдегі су басқан үйлерді зерттеу жұмыстары жақын күндері аяқталады. Қанша жаңа баспана тұрғызылып, қаншасы жөнделетіндігі соның қорытындысы бойынша анықталады. Әзірге облыс орталығында табиғи апаттан зардап шеккендерге 39 жеке үй салу жоспарланып отыр.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров.