БҚО-да 12 ауылды ауызсумен қамтуда қиындық бар
Батыс Қазақстан облысында тасқын қаупі толық сейілді деуге негіз бар.
Жайық өзеніндегі ең соңғы гидробекет орналасқан Тайпақ ауылында да соңғы үш күнде дария деңгейі төмендей бастады. Дегенмен осы Ақжайық ауданының 12 ауылында су айдау нысандарын су басып, тұрғындарды ауызсумен қамтуда қиындықтар пайда болған.
Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:
- Облыстың оңтүстігінде, Атырау облысымен шекарада орналасқан Тайпақ ауылында биыл Жайық өзенінің деңгейі қауіпті межеден 97 см-ге асып, 947 сантиметрге жетті. Қазгидромет мекемесінің мәліметінше, өзеннің бұлайша тасуы 1957 жылы тіркелген екен. Ол жылы дария деңгейі 11 метр 17 сантиметрді құрапты.
Ал Жайық соңғы рет тасыған 1994 жылы деңгейі 859 сантиметрден аспапты. Ұзақ жыл мол су келмей, жерасты суы қашып, тоғай сиреп, тал-теректер қурап қалған. Енді соның бәрі қалпына келмек. Бұған ауыл жұрты аса қуанышты. Сай-салаға нәр жүгіргені – табиғаттың тамырына қан жүгіргені, – дейді елдің естілері.
Ақжайық ауданында 45 елді мекен болса, соның 32-сі Жайық бойында орналасқан. Биылғы тасқыннан ауылдар дін аман. Төтенше жағдай мен ауыл еріктілері бірігіп, 35 шақырымдай бөгет тұрғызған, тоғай ішінде қалып қойған жылқыны айдап шығарған.
Жанат Мизамғалиев, ауыл тұрғыны:
- Су келместен бұрын ауыл жастары болып жиналып, 30 шақты мотоцикл болып, айдап шықтық тоғай арасынан. Су басып, бір күн ішінде келді су. Сондай жағдай болды. Аралда қалып қойған жылқылар болды.
Дегенмен тасқын зардабын тигізбей кетпеді. 7 ауылдық округке қарасты 12 ауылдың су айдау нысандары өткен аптада су астында қалған. Базаршолан ауылы – солардың бірі. Мұнда скважинаға барар бағандар құлап, электр желісі үзіліпті. Су сағатпен беріледі.
Тұрсын Мұхамбетова, Базаршолан ауылының тұрғыны:
- Су беруден проблема болып жатыр, уақытымен беріп жатыр. Сағатымен құйып аламыз. 3-4 шелек құйып аламыз. Жай, ағысы шамалы судың.
Темірболат Құсанов, сумен қамтушы мекеме қызметкері:
- 19 баған қисайып, 2 баған құлап, халыққа әзір су бере алмай отырмыз. Жинаған резервуардағы суымыз 15 күнге жетеді. 5 кубтан, таңертең 5 куб, кешке 5 куб беріп жатырмыз. Енді ол қай уақытқа жетерін білмейміз. Мына су қайтқасын көмек керек.
Ал аудан әкімдігі: «ауызсудан тұрғындар тапшылық көрмейді», – деп отыр. Тіршілік нәрін тасымалдауға Ақжайық ауданына көмекке арнайы көліктер келіпті.
Бейімбет Ғиззатов, Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары:
- Халықты ауызсумен қамту мақсатында 6 бірлік техника жұмылдырылған. Оның 2-і «Жайықтехсервис» коммуналдық мекемесі теңгерімінде су тасығыш техникасы болса, қалған 4-і облысқа материалдық резервтен берілген. Күні бүгін ауылдарға тиісті су деңгейі жеткізіліп отыр осы арқылы. Қазір күтіп отырғанымыз, су деңгейі түскен жағдайда санитарлық жұмыстар атқару арқылы орталықтандырылған су жүйесіне қосамыз.
Қазір Жайықпен жеткен мол су көршілес Атырау облысына ойысты.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов.