Тасқыннан соң. 40 отбасы баспаналы болды

Ақмола облысында тасқыннан зардап шеккен 40 отбасы баспаналы болды.

Оның 27-і Атбасар, 13-і Көкшетау қаласынан. Жалпы өңірде суда қалған 2 мыңға жуық үйдің 359-ы жарамсыз деп танылған. Қазір ондағы халық, біртіндеп жаңа қонысқа көшіріліп жатыр.

Баспаналы болған жандардың бірі – Наталья Заика. Көпбалалы ана Атбасар қаласының іргесіндегі Борисовка ауылында тұрады. Көктемгі тасқын кезінде үйіне су кіріп, іргетасына зақым келген. Сондықтан көпбалалы анаға ауылдың қақ ортасынан басқа баспана сатып алынды.

Наталья Заика, Борисовка ауылының тұрғыны:

- Бізге алдымен уақытша тұратын үй берді. Далада қалдырған жоқ. Жер үй немесе пәтер сатып алуды ұсынды. Мен үйреніп қалған жер үйді таңдадым. Ауылдағы осы үй сатылып жатыр екен, бірден біз алдық. Қолдау танытқан барша жанға алғыс айтам.

Жалпы, Атбасар ауданы бойынша 300-ге тарта үйге су кірді. 77-сі жарамсыз деп танылған. Бұл сараптама жүргізген комиссияның шешімі. Ал тасқыннан зардап шеккендерге салынып жатқан тұрғын үйдің құрылысы тұралап тұр. Десе де, аудан әкімдігі 100 пәтерлі қос нысанды бірер айда тапсырамыз деп сендірді.

Аманбек Қалжанов, Атбасар ауданының әкімі:

- Екі жүз пәтерлі үй 2021 жылдан бері салынып жатқан үйге қаражат көзі түгел шешілді. 15 тамызда бұл үйлер іске қосылады. Сол сияқты үшінші тағы бір 100 пәтерлі үй салынатын болады. Оған да суға кеткен және кезекте тұрғандарды орналастырамыз деп отырмыз.

Көкшетау қаласында да тасқыннан зардап шеккендерге біртіндеп баспана беріліп жатыр. Осы уақытқа дейін 11 отбасы қоныс тойын тойлаған. Енді бұл тізімге тағы 13 жанұя қосылды.

Гүлшара Шахизадаева, Көкшетау қаласының тұрғыны:

- Бір айдың көлемінде. Көп күткен жоқпыз. Құжаттарды жина дегесін.  Пәтерді өзіміз қалаған жерден алдық.

Аймақта шығын көлемі әлі есептеліп жатыр. Бағалау жұмыстары осы айдын 15-сі күні аяқталады. Сондай-ақ Бұланды, Жарқайың және Астрахань аудандарында да зардап шеккен тұрғындарға жаңа баспана салынады деп жоспарланып отыр.

Абзал Балтабаев, Виктор Полянный, 24.KZ, Ақмола облысы