Тасада тығулы тұрған қару көп
Іргеде ілулі емес, тасада тығулы жатқан қару көп.
Ал оқтаулы мылтықтың бір күні атылары хақ. Сол себепті полицейлер шалғайдан шалып түсер ұзын-қысқа ұңғылы қару-жарақты өткізіп, тұрғындарға 100 айлық есептік көрсеткішке дейінгі көлемде қомақты қаржы алуға мүмкіндік беріп отыр. Заңды тіркелмеген атысқа жарамды арсеналды сатып алу акциясы жарияланған 22 сәуірден бері қызылордалықтар өз еркімен 83 дана қару тапсырған. Акция жыл соңына дейін жалғасады. Сондықтан арнайы органдардың есебінде жоқ бесатары бар азаматтар бытыра мен қорғасын бүркетін темірді, ақшаға айналдырып үлгіргені жөн. Акция барысында аймақтағы 8 мыңдай заңды қару иесінің тегіс ұңғылы мылтықты сақтаудағы қауіпсіздік талаптары да тексерілді.
Айбек Құлмағамбетов, ОПД әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы:
- Аталған іс-шараға республикалық бюджеттен Қызылорда облысына 7 миллион 33 мың теңге қаражат бөлінген. Сыйақы төлеу барысында алдымен қару-жарақтың жарамдылық дәрежесі ескеріледі. Қаруды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.