Батыста су тасқынына байланысты бірқатар ауылмен қатынас үзілген
Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданындағы 18 ауылдық округтің жетеуі Жайықтың сол жағалауында орналасқан.
Осы округтерге қарасты 14 елді мекеннің тұрғындары аудан орталығы Чапаев ауылына қалқымалы көпір немесе пароммен өтіп келетін. Бірақ Жайық өзенінің тасуына байланысты қазір қатынастың бұл түрі уақытша жабылды. Енді тұрғындар қатынастан қиындық көріп жатыр.
Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:
- Базаршолан ауылының тұрғындары аудан орталығы Чапаев ауылына қатынау үшін әуелі 12 шақырым жердегі Тайпақ ауылына барып, өзеннен паром арқылы өтетін. Одан соң Орал-Атырау жолына шығатын. Алайда биыл Жайықтың тасуына байланысты пароммен қозғалыс уақытша тоқтатылды. Әрі Тайпаққа барар жолды да мынадай етіп, үш жерден су басып жатыр.
Сай-саланы қуалаған судың әзірге арыны басылар түрі жоқ. Қатты ағыс жолдың беткі қабатын шайып кеткен.
Самат Бақтияров, Базаршолан ауылының тұрғыны:
- Қатынас жоқ екі ортада. Қазір мынау айналып, Индер айналамыз Атырау облысымен. Осы жерден Индер 60 шақырым. Енді ол жол да нашар, жүруге келмейді. Әсіресе көктем-күзде жүргізбейді, бейнетпен барамыз амал жоқ.
Барбастау-Ақжайық-Индер жолы Жайықтың Бұқар бетіндегі елді мекендерді Орал, Атыраумен байланыстырады. Бірақ асфальт төселмеген. Кейбір учаскелері енді жөнделіп жатыр. Әрі бүгінде Сарытоғай ауылы аумағында бір шақырымдай жолды су алып кеткен. Көліктер қырат қуалап, далалықпен жүреді. Индер кентінің іргесіндегі 5 шақырымы тіпті иесіз.
Ахат Сұпығалиев, Сарытоғай ауылының тұрғыны:
- Сарытоғай мен Индердің арасы 30 шақырым. Бірақ біздер осы 30 шақырымға қорлық көреміз. Жол машақаты. Қазір өзім Чапайдан келе жатырмын. Сіздерден сұрарымыз, ең бірінші осы жолды көмектессеңіздер, жолды тегістеуге.
Артур Ермұқанов, Amanat партиясы Ақжайық аудандық филиалының төрағасы:
- Тұрғындар тарапынан үнемі осы мәселе көтеріліп жүрді. Индерге дейін 5 км қырылмайды, тегістелмейді, аршылмайды деген сияқты. Қазір сұрап жатқан мәселеміз теңгерімге алу, қыру, тегістеу, күтіп-ұстау жұмыстарын уақтылы жүргізу.
Біз осы сапарға шыққанда су Индерге кіреберіс жолды жиектеп тұрған еді. Артынша көлік қатынасы үзілгені туралы хабар жетті. Енді сол жағалаудағы тұрғындар аудан орталығына бару үшін не Орал арқылы, немесе Атыраудан 80 шақырым жердегі Махамбет кенті арқылы айналады. Арақашықтық 2-3 есе ұзарады. Сай-саланың кебуіне уақыт керектігін ескерсек, жүзбелі көпір мен паромның қашан берілері белгісіз. Тығырықтан шығу жолы - Чапаев ауылы тұсынан көпір салу.
Әлия Қабенова, жолаушылар көлігі және автожолдар басқармасы басшысының орынбасары:
- Жоба-сметалық құжат жасадық. 33 млрд сомаға шықты. Біздер оны 5-6 жыл комитетке ұсынып келе жатырмыз бюджеттік ұсыным. Өйткені облыстық бюджет көтере алмайды. Бірақ ешқандай қолдау болған жоқ. Бүгінгі күні жоба-смета ескіріп кеткен. Енді корректировка жасау керек.
Ақжайық ауданында 42 елді мекен болса, соның 14-і Жайықтың Бұқар бетінде орналасқан. Арғы беттегі ауылдар көлік қатынасы жақсарғанын қалайды.
Е.Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Е. Меңдіғалиев