Махамбет ауданында ауылдарға қауіп төніп тұр

Атырау облысындағы Махамбет ауданында Жайық өзенінің деңгейі көтеріліп, ауылдарға қауіп төніп тұр.

Қазір аудан орталығы мен Талдыкөл, Сарайшық ауылдарында жаға бекіту жұмыстары қарқынды. Кеше Талдыкөл тұрғындары қауіпсіз аймаққа көшірілді.

Асланбек Шығыр, тілші:

- Талдыкөл ауылын қазір түгелдей су қоршап тұр. Кеше кеште ауылға кірме жолды су басу қаупі болғаннан кейін мыңға жуық тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Оның 146-сы облыс орталығындағы эвакуациялық пунктке орналастырылған. Қазір Талдыкөл ауылында 70-тен астам сарбаз, сондай-ақ ауыл тұрғындары жаға бекіту жұмыстарына жұмылдырылды. 

Қоғамдық тәртіп полицейлердің назарында. Ұрлықтың алдын алу мақсатында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылады. 

Сейілбек Зұлқашев, Бейбарыс ауылдық округінің әкімі:

- 25 мчс қызметкері жұмыс істеп жатыр. Сонымен қоса жергілікті 30 полиция қызметкері түнгі және күндізгі кезекшілік қызметтерін атқарып жатыр. Сонымен қоса бүгінде ауылда 9 техника ішкі жұмыстарды, топырақ тасу, қосымша қапшық қаптау жұмыстарында. 

Махамбет ауданындағы қауіпті аймақтың бірі Сарайшық ауылы. Алтын Орданың астанасы болған көне Сарайшық қаласының орнын су тасқынынан қорғау жұмыстары қарқынды. Себебі археологиялық қазба орнының аумағы шамамен 6 мың шаршы метрге жетеді. Қазір сарбаздар мен тұрғындар жаға бекіту жұмыстарын атқарып жатыр. 

Жанат Кенжеғалиева, Сарайшық ауылдық округінің әкімі:

- 200 сарбаз бар. Оның 100-і күндіз шығады да, 100-і түнгі сменде жасайды. Қазір қоршаудың осалдығына қарай қаптар қаптағасын, әрі қарай тартылып кетпес үшін трубаларға сыммен байлап, бекітіліп жатыр қоршаулар. Қазіргі таңда 30-ға жуық техника жүріп жатыр. Күндіз-түні кезекшілік ұйымдастырылды 8 сектор бойынша. 

Қазір Индер, Махамбет ауданы мен облыс орталығына тасқын судан қауіп көп. Дегенмен жауаптылар жағдай бақылауда екенін айтады. 

Қайрат Нұртаев, облыс әкімінің орынбасары:

- Индер қазіргі таңда 2 метрге дейін өсті қауіпті деңгейден. Ал Махамбет шамамен 1 метр 30-ға дейін қауіпті деңгейден өсіп отыр. Атырау қаласы қауіпті деңгейден көтеріліп жатыр. Қазіргі таңда барлық аудардар мен қала бойынша тәулік бойына кезекшілік ұйымдастырылған. Қажетті техникамен қамтамасыз еттік. Ақаулықтар болса шұғыл арада қалпына келтіріп отырмыз. 

Тасқын қаупі жоғары аймақтардағы газ тарату қораптары да қоршалады. Жайық қауіпті деңгейден асқан жағдайда да көгілдір отын беру тоқтамайды. Сонымен қатар ауызсуды тазартуға қажетті реагенттер де жеткілікті, дейді әкімдік өкілдері. 

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин