Солтүстікте тасқыннан зақымдалған 200 үй жарамсыз болып танылды

Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынынан кейін 200 үй тұруға жарамсыз болып қалды.

Баспана иесіне көпқабатты үйден пәтер немесе қалада салынып жатқан жаңа үйлердің бірі беріледі. Тасқыннан зардап шеккен тұрғындардың таңдауы ескеріледі.  Өңірде бүлінген мүлікті бағалау және техникалық сараптама жұмыстары кесте бойынша жүріп жатыр.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Осыдан тура бір ай бұрын дәл осы жерден тікелей эфирге шыққанымда судың деңгейі тізеден келеді. Қазір Есіл өзені тартылып, арнасына түскен. Тұрғындар да біртіндеп үйлеріне оралды.+Міне, мына біреу подокойникке дейін су болды. Әнкей қандай не болып жатыр, әнекей балшықтары бәрі кепкенше не заман... 

Сәуір айында бізге сұхбат берген Қалампыр Дауытова да үйіне оралды. Оның үйінің едені, қабырғасы мен жиһаздары бүлінген. Ал тұрмыстық техникаларын құтқарушылар су келгенге дейін шығарып берді. Қазір ол 100 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі төлемақыны алды. Енді негізгі өтемақыны күтіп отыр.

Қалампыр Дауытова, Покровка ауылының тұрғыны:

- Оценочный комиссия келді, жүрді, көрді бәрін. Карточкеге де түсіріп алды. Енді есеп бойынша төлейміз деп жатыр. Енді соны тосып отырмыз. Әйтпесе бізде жағдай жоқ бұның бәрін түзейтін өзімізге. Өзіміз пенсионерміз. Екеуміз де пенсионерміз. 

Жалпы, Есіл ауданындағы үш ауылда 117 үйді су басты. Тасқыннан зардап шеккен барлық отбасыға 43 млн. теңге біржолғы көмек жасалды. Енді бүлінген мүлікке 150 айлық есептік көрсеткіші көлеміндегі төлемге өтініш қабылданып жатыр.

Айнагүл Бектасова, аудандық материалдық шығынды бағалау және өтеу комиссиясының төрағасы:

- Бүгінгі таңда бүлінген мүлікті бағалау толық аяқталды. Үйлерге техникалық сараптама жасалды. Шығын көлемі 71 жарым млн теңге. 6 үй апаттық деп танылды. Қазір екі отбасыға баспана берілді. Қалғандары комиссия қарауында. 

Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі тасқыннан 4 мыңға жуық үй су астында қалды. Тұрғындар жатақханаларға жайғастырылды. Қазір олардың дүние - мүлкі бағаланып, әр үйге техникалық сараптама жасалып жатыр. Бұл жұмыс кезек бойынша жүргізіледі.

Тимур Әбдірешов, облыс әкімінің баспасөз хатшысы:

- Бүгінгі күнге дейін 1500 үй тексерілді. 1400 үйге бағалау жүргізілді. Оның нәтижесі бойынша 200 жуық үй тұруға жарамыз деп танылды. Бағалау жұмыстары әлі де жалғасуда. 

Петропавлда тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға 500 үй салынады. Әрқайсының құрылысына демеушілердің қаражатынан 22 млн 700 мың теңге бөлінген. Олар екі айдан кейін тапсырылуы тиіс.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков