Өскеменде мамандандырылған ХҚКО қолданысқа қашан беріледі?

Өскеменде мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына арналған ғимарат құрылысы 10 жыл бойы жүрді.

2014 жылы басталған құрылыс жемқорлық салдарынан тоқтап қалған еді. Кейін инвестор қаржысына салынды. Алайда нысан әлі күнге дейін пайдалануға берілмеді. Өйткені жаңа ғимаратты жалдау ақысы тым қымбат.

Бос тұрған мына нысан биыл салтанатты түрде ашылып, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы жұмысын бастауы тиіс еді. Алайда ғимараттың жыры бітер емес. Құрылыс бойынша алдымен облыстың бас қаржыгері жауапқа тартылды. Артынша мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы сот залына шақырылды. Соңында мердігердің 77 миллион теңгенің жұмысын орындамағаны белгілі болды. Сөйтіп құрылысты жеке инвестор қолға алып 1 миллиард теңгеге жуық қаржы құйды. Бірақ Шығыс Қазақстандағы автодромы бар алғашқы орталық ғимараты әлі қаңырап тұр. Меншік иесі мемлекеттік корпорация қажетті жабдықтарды жеткізбей отыр, дейді. Оған қоса екі тарап қаржы тұрғысынан келісімге келе алмаған. 

Александра Исмаилова, инвестициялық компания өкілі:

- Олар бізден жалға алу ақысын 2 есе төмендетуді сұрап отыр. Бірақ бұл біз үшін тым аз. Себебі құрылысына өте көр қаржы жұмсадық. Сондықтан оны ақтауымыз керек емес пе. Бұл талаптары орынсыз деп санаймыз. 

Мамандандырылған орталықтың ашылуы 5-жыл қатарынан кейінге шегерілді. Салдарынан қымбатқа алынған құрылғылар бірнеше айдан бері қолданылмай тұр. Ал тұрғындар жүргізуші куәлігін алу үшін 200 шақырым жердегі Семейге барады. Мәселені шешу үшін жауаптылар қосымша қаржыға өтінім берген. 

Азамат Есембұлов, "Азаматтарға арналған үкімет" МК ШҚО филиал директоры:

- Ғимарат иесінің бізден сұрап отырған сомасы өте үлкен. Қазір жалға алып отырған қаражаттан асып түсті. Бізде оған қосымша қаржы қарастырылмаған. Мәселені шешу үшін басшылыққа хат жазып, қосымша қаржы көздерін қарастырып жатырмыз. Егер бөлінетін болса, заң аясында мемлекеттік сатып алу порталы арқылы келісім жасасамыз. 

Құрылыс компаниясы «салған қаржым ақталмады» десе, халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары тар кабинеттерде жұмыс істеуге мәжбүр. Мәселе тек қосымша қаржы бөлінсе ғана шешілмек.

Мерей Бает, Вячеслав Ветлугин