Түркістандық шаруаның құлпынайын сатуға импорт жидек зор кедергі болып тұр
Түркістан облысында құлпынай еккен шаруалардың еңбегі ақталмай отыр.
Себебі базарлар мен сауда сөрелерінде сырттан келген өнім көп. Бағасы да қолжетімді. Жергілікті жеміс-жидек арзанға саудаланса, кеткен шығын өтелмейді, дейді олар.
Әбдіжәміл Қасымбаевтың шаруашылығына тиесілі 1 гектар алқапта құлпынай бітік шықты. Өскіннің көшеті мен күтіміне мемлекеттік бағдарлама арқылы алған 10 миллиондай несие қаржысын жұмсады. Алайда шаруа адамы дайын тауарды тиімді бағада сату мүмкін болмай тұр, дейді. Себебі өнімнің өзіндік құнынан нарықтағы баға арзандап кеткен.
Әбдіжәміл Қасымбаев, шаруа:
- Өткен жылы пияздың жағдайын көрдік, картошканың жағдайын көрдік енді құлпынай еге бастап едік оның да жағдайы осы болып отыр. Біздің өзіміздің өнімнің сапасы өте жоғары. Одан ешқандай ұялмаймыз. Бірақ бағасы болмай тұр. Биылғы жылы мен табыстың орнына 5-6 миллион қарызға батайын деп отырмын.
Биыл Сарыағаш ауданы бойынша барлығы мың гектар алқапқа құлпынай егілген. Базынасы бір шаруалар бар кедергіні импорттық тасымалдан көріп отыр. Енді олар табыс емес шығынды ойлап өнімді арзан саудалауға мәжбүр.
Ғанибек Әбдіжәмілұлы, шаруа:
- Баға түсіп кеткен 500-600 теңге болып. Алмайды ешкім. Күніне 20 адам істетемін солардың ақшасына кетіп жатыр тапқан ақшамыз. Холодильник ондай условияларымыз жоқ. Біз тердік па сатуымыз керек.
Диқандардың айтуынша мәселені, толық шешуге жергілікті биліктің құзыреті жетпейді. Сондықтан кедергіге тап болғандар жауапты минстрліктен көмек сұрайды. Ішкі нарықта отандық өнімді қолдау басты назарда болуы тиіс дейді олар
Данияр Қалтаев, "Қазақстанның фермерлік жылыжайлар қауымдастығы" бірлестігінің төрағасы:
- Сырттан келетін өнімдерге талабын күшейтсін. Стандарттар қойсын. Оларды тексерсін. Олар келген кезде жәй кіріп жатқан жоқ ауруларымен кіріп жатыр. Арзан пластмасса ыдыста келеді. Оның барлығы өз кезегінде адам денсаулығына зиян. Біз қанша өнім өндіре аламыз және қанша сата аламыз деген бізге мониторинг жүргізсін. Өзімізге керегін ғана кіргізсін.
Ал ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары импорттық өнімдерге ешқандай шектеу қойылмайтынын айтады. Себебі бірқатар мемлекетпен сауда-саттық нарығын дамыту туралы келісім бар. Сондықтан отандық өндірушілер бәсекеге төтеп беруі керек.
Мұхтар Әлиев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің комитет төрағасы:
- Биыл 20 тоннадай құлпынай әкелінді импортталған. Ең көп әкелетін Өзбекстан, Тәжікстан және Иран елдерінен келеді. Жалпы алғанда біз карантинді объекттерді бақылаймыз, қадағалаймыз. Биылға заң бұзушылықтар анықталған жоқ.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
- Осылайша Түркістан облысының диқандары үшін құлпынайды өзіндік құнынан арзан бағада сатудан басқа амал болмай тұр. Себебі шағын шаруашылықтардың өнім сақтайтын қоймалары жоқ. Қазір ішкі нарықта тауардың әр келісі 500 теңгеден саудаланса, былтыр базардағы баға бұдан екі есе қымбат еді.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов