Е. Смышляева: Моноқалалар тағдыры қыл үстінде

Өнеркәсіптің жалғыз түріне тәуелді моноқалалар болашақта қаңырап, бос қалуы мүмкін.

Өйткені олардың тағдыры тау-кен саласындағы өндіріс орындарына тікелей байланысты. Қор таусылса, жұмыс орындары жабылады. Сәйкесінше халық басқа қалаларға жаппай көшіп, жұмыссыздар саны көбейеді. Осындай түйткілді мәселені қозғаған мәжілісмен Екатерина Смышляева Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында мұндай аймақтарға ұдайы мониторинг жүргізуді ұсынды. «Бұл – проблеманың айқын көрінісі», – деп депутат Арқалық қаласын атады.

Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Алдағы 10 жыл ішінде жабылуы мүмкін кен орындары бар қалаларды анықтап, қатаң бақылауға алу керек. Жер қойнауын пайдаланушыларды өндірілген қорды кешенді түрде қайта өңдеуге және техногендік- минералдық қалдықтарды қолдануға міндеттеу қажет. Елді мекендердің экономикасын әртараптандыру бойынша Жол картасын әзірлеу жоспары тағы бар. Өңірлердегі еңбек нарығы мен ондағы сұранысты алдын ала болжау керек. Геологиялық барлау арқылы қолданыстағы кен орындарының жұмысын ұзартудың амалын қарастырған жөн. Тиімділігі төмен кәсіпорындарға қатысты салық саясатын қайта қарау қажет.