Депутат: Елімізде балалар лагері жетіспейді
Елде балалар лагері жетіспейді. Қолда бары оқушылардың тек 10%-ін қабылдай алады.
Бұл саладағы кәсіпкерлердің 30% пандемиядан кейін нарықтан кеткен. Ал «AMANAT» партиясының Жол картасында 50 сауықтыру орнын ашу көзделсе, биыл соның 5-еуі ғана салынып жатыр. Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған депутаттық сауалында балалардың жазғы демалыс уақыты сапалы ұйымдастырылмай отырғанын жеткізді. Мәжілісмен: «Салынуы оңай, шығынды аз талап ететін глэмпинг базасындағы киіз үйлер, шатырлар түріндегі лагерьлерді ұйымдастырып, олардың стандарттарын енгізу қажет», – деді. Лагерьлерде жұмыс істейтін жетекшілер мен тәрбиешілерді дайындау жүйесін жолға қоюды да талап етті.
Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Су басқан өңірлердің балаларын жазғы сауықтыру лагерьлеріне арнайы ұйымдастыру керек. Жазғы балалар сауықтыру орталықтары тиісті салалық мамандармен қамтамасыз етілуі тиіс. Ашығын айту керек, балалардың жазғы демалыспен қамтылуы туралы статистикасы көкейге қонбайды. Өйткені жергілікті әкімдіктер мектеп жанындағы лагерьлерді жазғы лагерлерь деп есептейді. Бұл жөнсіз. Тағы да қайталап айтамын, мектеп жанындағы лагерьлер – жазғы демалыс емес, ол тек қана 5-6 сағаттық уақыт өткізу. Тағы бір атап өтерлік мәселе, еліміздегі лагерьлердің басым бөлігі Кеңес кезеңінде салынғандықтан, тозығы жетіп тұр.