Су басқан өңірлерге көмек көрсету акциясы басталды

Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде 5 күндік көмек акциясын бастады, деп хабарлайды 24KZ.

Бүгін Жетісу және Түркістан облыстарынан жиналған гуманитарлық жәрдем Орал өңіріне жеткізілді. Төсек-орын, киім-кешек және азық-түлік уақытша паналау орындарындағы тұрғындарға таратылмақ. Комиссия мүшелері табиғи апатқа тап болып, дүние-мүлкінен, баспанасынан айырылған нәзік жандармен жүздесіп, құқықтық кеңес беріп, моральдық-психологиялық қолдау көрсетпек. Бүгінде өтемақы төлеу, тұрғын үй салу, әлеуметтік инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Біздің міндетіміз – эвакуациялық пунктерді аралап, тұрғындардың талап-тілегін тыңдау, ешбір мәселені ескерусіз қалдырмау, – дейді комиссия мүшелері.

Елена Тарасенко, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары:

- Су тасқынына тап болған 8 өңір бар Қазақстанда. Соның ішінде ең көп зардап шеккен Батыс Қазақстан облысы. Мақсатымыз – осы отбасылармен кездесіп, балаларға көмек көрсету, олардың жағдайына назар аудару, қандай проблемалар бар, соны анықтау. Заңгерлер мен психологтардың жәрдемі қазір тұрғындарға аса қажет деп білемін.